Алматы облысының орталығында «Таза Қазақстан» бағдарламасы жалғасуда.
Бұған дейін 4 және 5-шағынауданның тұрғындары сенбілікке шықса, осы жолы 3-ықшамауданның жұрты жаппай сенбілікке қатысты. Олардың қатарында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін болды. Соның бірі – Айгерім Сәрсенбаева. Ол баласының бойына қазірден тазалық мәдениетін сіңіруге тырысып жатқанын айтты.
«Балалар да мұндай шарадан тыс қалмауы тиіс. Сонда ғана олар көше сыпырушы мамандардың еңбегін бағалайды, табиғатты аялап ұстауға тырысады, қоқысты кез келген орынға лақтырмайды. Менің ұлымның жасы небәрі 6-да. Десе де, күнделікті қоқысты шашпай, айналаға жанашырлық таныту керек екенін айтып отырамын. Бүгін күрек ұстап, жанымда көмектесіп жүрді», — деді Айгерім.
Бұл күні 3-шағынауданда орналасқан әлеуметтік нысандардың, бизнес орындарының, тұрғын үйлердің төңірегі түгел тазаланды. Шараға 200-ден астам адам қатысып, олар 7 тоннадан астам қоқыс шығарды.
Сонымен қатар профилактика үшін абаттандыру ережесін бұзған заңды және жеке тұлғаларға айыппұл салынып жатқанын айта кетейік. Тұрғындарға ірі көлемдегі қоқысты (үй жиһазы, құрылыс материалдары, күл-қоқыс) полигонға өздері жеткізу туралы түсіндіріліп жатыр. Олай болмаған жағдайда полиция басқармасы ҚР ӘҚБтК шеңберінде шара қолданады.