Қонаевтың тамыздағы тіршілігінен алдағы маңызды саяси науқанның лебі анық сезіледі. Қала көшелеріндегі ақпараттық материалдар, сайлау учаскелеріндегі дайындық, тұрғындар арасындағы пікір алмасу – мұның бәрі ел өміріндегі жаңа кезеңнің жақындағанын аңғартады. 2026 жылғы 23 тамызда қазақстандықтар алғаш рет бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарын сайлайды. Оның құрамына партиялық тізімдер бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Сайлау күні Президент Жарлығымен белгіленген.
Журналист ретінде қала тұрғындарымен күнделікті жүздесіп, олардың ой-пікірін тыңдап жүремін. Бірі Қонаевтың қарқынды дамуын сөз етсе, енді бірі тұрғын үй, жол, ауызсу, қоғамдық көлік пен жұмыс мәселесін көтереді. Кәсіпкерлерге тұрақты жағдай қажет, ата-аналарды мектеп пен балабақша жайы алаңдатады, жастар сапалы білім алып, туған қаласында еңбек еткісі келеді. Ал Шеңгелді ауылдық округінің тұрғындары үшін ауыл инфрақұрылымы, суармалы жер, ауыл шаруашылығы мен тұрақты байланыс мәселесі маңызды.
Осындай күнделікті қажеттіліктердің барлығы түптеп келгенде елде қабылданатын заңдармен сабақтас. Сондықтан Құрылтай сайлауы бізден алыстағы саяси оқиға емес. Оның нәтижесі Қонаевтың да, Шеңгелдінің де, әр отбасының да болашағына ықпал ететін шешімдермен тікелей байланысты.
Қонаев – Алматы облысының орталығы ғана емес, жыл сайын мыңдаған қонақ келетін туристік қала. Мұнда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, инженерлік желілер жаңартылып, кәсіпкерлік пен туризм дамып келеді. Бірақ қаланың өсуі жаңа міндеттерді де алға шығарады. Жағалау қауіпсіздігі, экология, тазалық, қоғамдық тәртіп, көлік қозғалысы мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі ұдайы назарда болуы қажет. Осы мәселелердің заңнамалық деңгейде ескерілуі үшін қоғам өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Бүгінде Қонаевтағы сайлау учаскелерінің дайындығы тексеріліп, комиссия мүшелерін оқыту жұмыстары жүргізілуде. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қаладағы бірқатар учаскені аралап, сайлаушыларға, байқаушыларға, бұқаралық ақпарат құралдарына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдай жасау мәселесіне назар аударды. Алматы облысында сайлау науқанына 4 800-ден астам комиссия мүшесі жұмылдырылған.
Алайда сайлаудың сапасы тек ұйымдастырушылардың дайындығымен өлшенбейді. Оның басты өлшемі – азаматтардың белсенділігі мен саналы таңдауы. Дауыс беру – біреудің өтінішін орындау немесе көпшілікке ілесу емес. Бұл – ұсынылған бағдарламаларды салыстырып, ел мүддесіне сай шешімді өз еркіңмен қабылдау.
Әр сайлаушы алдын ала өзінің қай учаскеге тіркелгенін анықтап, ресми ақпаратқа ғана сүйенгені жөн. Әлеуметтік желідегі күмәнді мәліметтерге ермей, сайлау құқығын ешкімнің қысымынсыз пайдалану – азаматтық мәдениеттің белгісі.
Құрылтайдың алғашқы құрамын сайлау – тарихта қалатын саяси оқиға. Ал тарих үлкен мінберлерде ғана жасалмайды. Ол Қонаевтағы әр сайлау учаскесінде, дауыс беру кабинасына кірген әр азаматтың таңдауынан басталады.
23 тамызда Қонаевтың дауысы елдің ортақ үніне қосылады. Сол үн салмақты, саналы әрі жауапты болсын.


