Ауылдың үнін еститін адам керек

Таңғы тіршілік қалада енді басталғанда, ауылдағы шаруа әлдеқашан жұмысқа кірісіп кетеді. Малдың жайы, егістіктің күтімі, су мен жем-шөптің қамы – ауыл адамының күнделікті тірлігі. Алдағы Құрылтай сайлауына қатысты Шеңгелді ауылдық округінде еңбек етіп жүрген жергілікті шаруада жүрген Аманжан Шәріп ағадан пікірін сұрадық.

— Құрылтай сайлауынан не күтесіз?

— Бізге көп уәде емес, ауылдың жағдайын білетін, жердің қадірін түсінетін азаматтар керек. Өйткені қабылданған әрбір заң шаруаның жұмысына әсер етеді. Су, субсидия, техника, өнімді өткізу мәселелері қағаз жүзінде емес, нақты шешілсе дейміз.

— Ауыл үшін ең маңызды мәселе қандай?

— Ең алдымен – су. Су болса, жер де өнім береді, мал да өседі. Одан кейін ауыл жолы мен интернет байланысы маңызды. Қазір шаруаның өзі де жаңалықтан қалмай, техника мен нарық туралы ақпаратты дер кезінде алуы керек.

— Сайлауға қатысасыз ба?

— Әрине. «Менің бір дауысымнан не өзгереді?» деп үйде отыру дұрыс емес. Ауылдың мәселесін біреу сырттан келіп шешіп бермейді. Өз таңдауымызды жасап, талап қоя білуіміз керек.

Сұхбаттасымыздың сөзі қарапайым болғанымен, астарында үлкен шындық бар. Ауылдың берекесі – елдің берекесі. Ал ауыл адамының үні Құрылтай мінберінде естілсе, бұл тұтас қоғамның мүддесі ескерілді деген сөз.

Нұрлы өлке

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke