Қонаевтағы саяси науқанның тынысы сайлау учаскелерінен бұрын әлеуметтік желілерден сезіле бастады. Қысқа бейнероликтер, түсіндіру жазбалары, тақырыптық мурал мен жастар арасындағы талқылаулар алдағы Құрылтай сайлауына қызығушылық бар екенін көрсетеді. Бірақ ақпаратты көру мен саналы таңдау жасау – екі бөлек мәселе.
Ашық жарияланымдар мен ресми деректерді саралау барысында жастар дайындығының үш бағыты байқалды. Біріншісі – Құрылтайдың қандай орган екенін және оның бұрынғы парламенттік жүйеден айырмашылығын түсінуге ұмтылу. Екіншісі – партиялардың бағдарламаларын әлеуметтік желі арқылы салыстыру. Үшіншісі – өзінің сайлау учаскесін анықтап, дауыс беру тәртібін нақтылау.
Қонаев жастары үшін сайлаудың мәні алыстағы саяси ұғымдармен ғана өлшенбейді. Оларды қаладағы жұмыс орындары, баспана бағасы, қоғамдық көлік, сапалы білім, жағалау қауіпсіздігі мен экология мәселелері толғандырады. Шеңгелдідегі жастар үшін тұрақты интернет, ауыл кәсіпкерлігі, су және туған жерде еңбек ету мүмкіндігі маңызды. Сондықтан олардың таңдауы күнделікті өмірден туындайтын сұрақтармен тікелей байланысты.
Зерттеу барысында бір ерекшелік анық байқалды: жастар ұзақ баяндамадан гөрі қысқа әрі түсінікті ақпаратты қабылдайды. Алайда әлеуметтік желідегі әсерлі бейнеролик шешім қабылдаудың жалғыз өлшеміне айналмауы керек. Жарнамалық ұранның сыртында қандай бағдарлама тұрғанын, онда Қонаев пен ауыл жастарына қатысты нақты ұсыныстар бар-жоғын салыстыру қажет.
Өңірде 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді, ал тұрғындарға тіркелген учаскесін анықтауға көмектесетін 12 call-орталық іске қосылған. Дауыс беру 23 тамызда өтеді. Елден немесе тұрғылықты жерінен тыс болатын азаматтар есептен шығару куәлігін алдын ала ала алады. Бұл тәртіп Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қатысқан жиында түсіндірілді.
Қонаев жастарының дайындығы әзірге үлкен жиындардан емес, ақпарат іздеуден, пікір салыстырудан және өз құқығын түсінуден көрініп отыр. Ендігі маңызды қадам – қызығушылықты нақты әрекетке айналдыру. Өйткені алғаш рет дауыс беретін жастың таңдауы да тәжірибелі сайлаушының дауысымен бірдей салмаққа ие.
Өз тілшіміз


