Жаз мезгілінде Қонаевтың шынайы мінезі жағалаудан көрінеді. Бір жағында – демалуға келген халық, балалардың күлкісі мен қайықтардың үні. Екінші жағында – шашылған қоқыс, ретсіз қойылған көлік және қоғамдық орынды жеке меншігіндей пайдаланатын кейбір азаматтардың әрекеті.
Қаланы күн сайын бақылап жүрген журналист ретінде бір нәрсені анық аңғардым: көрікті ғимараттар салу жеткіліксіз, сол ортаны сақтайтын мәдениет те қалыптасуы керек. Тазалық қызметкерлері қоқысты жинай алады, полиция тәртіпті бақылайды, әкімдік инфрақұрылымды жаңартады. Бірақ әр тұрғын өзінен кейін қоқыс қалдырса, ортақ мүлікке ұқыпсыз қараса, қаланың келбетін бір ғана мекеме өзгерте алмайды.
Қонаев – облыс орталығы әрі туристік қала. Сондықтан мұндағы тәртіп пен тазалық жергілікті тұрғындардың ғана емес, тұтас өңірдің беделіне әсер етеді. Қонақ қаланы алдымен ресми есептер арқылы емес, жағалауы, көшесі және адамдардың қарым-қатынасы арқылы бағалайды.
Алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында біз елдің болашағы туралы көп айтамыз. Алайда елге деген жауапкершілік сайлау учаскесінде ғана басталмайды. Ол ауладағы тазалықтан, қоғамдық орындағы тәртіптен, табиғатқа жанашырлықтан көрінеді.
Қонаевтың болашағын заңдар мен үлкен жобалар ғана айқындамайды. Оны күн сайын осы қалада өмір сүретін адамдардың қарапайым әрекеті қалыптастырады. Қаланы жақсы көру – оны сөзбен мақтау емес, тазалығына жауап беру.
Өз тілшіміз


