26 тамыз күні Непалдың солтүстігіндегі Расува аймағында жойқын су тасқыны болды. Тибетпен шекаралас аумақтағы қуатты су мен лай көшкіні бірнеше елді мекенді басып, тұрғын үйлерді, жолдарды, көпірлерді және шекаралық инфрақұрылымды қиратты.
Соңғы мәлімет бойынша табиғи апаттан кемінде 22 адам қаза тапқан. 384 жолаушы хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұр. Олардың 291-і – Үндістан, АҚШ, Ұлыбритания, Малайзия және басқа елдерден келген шетелдік туристер.
Алдын ала болжам бойынша қар-мұз бен тау жыныстарының көшкіні өзен арнасын бөгеп, жиналған судың төмен қарай лап қоюына себеп болған. Осы уақытта аталған аумақта магнитудасы 4,4 болатын жер сілкінісі де тіркелген. Алайда апаттың нақты себебі әлі анықталған жоқ.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан алып су ағынының үйлер мен көліктерді шайып, Непал–Тибет шекарасындағы Гиронг бекетіне дейін жеткенін көруге болады.
Құтқарушылар жоғалған адамдарды іздеп, зардап шеккен аумақтарды тексеріп жатыр. Өзен бойындағы елді мекендердің тұрғындарына қауіпсіз жерге көшіп, барынша сақ болу ескертілді.

