Тазалық – туған жерге деген құрмет

Біздің үйіміз пәтердің табалдырығымен шектелмейді. Біздің ортақ үйіміз – ұлан-ғайыр даламыз, асқар тауларымыз, тұп-тұнық көлдеріміз және қалаларымыздың жайлы көшелері. Сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – туған жерге деген құрметтің қарапайым әрі шынайы көрінісі.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы – тұрғындарды бір күндік сенбілікке шақыратын науқан ғана емес. Оның негізгі мақсаты – тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Қонаев – табиғаты көркем, туристер көп келетін қала. Жаз мезгілінде жағалау, саябақтар мен демалыс орындарындағы қозғалыс артады. Осындай кезде бір адамның тастап кеткен кәмпит қағазы, пластик бөтелкесі немесе табиғат аясында қалдырған қоқыс салынған пакеті елеусіз көрінуі мүмкін. Алайда осындай ұсақ әрекеттер жинала келе қаланың көркін бұзып, табиғатқа зиян келтіреді.

«Тазалық – жинаған жерде емес, шашпаған жерде» деген сөздің мәні осында. Коммуналдық қызметтер көшелер мен қоғамдық орындарды қанша тазалағанымен, әр тұрғын жауапкершілікті өзінен бастамайынша, мәселе толық шешілмейді.

Таза қала қалыптастыру үшін күрделі әрекет қажет емес. Қоқысты арнайы жәшікке салу, табиғат аясындағы демалыстан кейін қалдықтарды өзіңмен бірге алып кету, ауланы таза ұстау – әр адамның қолынан келетін қарапайым іс. Егер жанымыздағы біреу қоқыс тастаса, оған дау шығармай, сыпайы түрде ескерту жасау да қоғамдық мәдениеттің белгісі.

Балалар үлкендердің ісіне қарап өседі. Ата-анасы көшеде қоқыс тастамай, табиғатты ұқыпты ұстаса, бала да осы әдетті бойына сіңіреді. Сондықтан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау – бүгінгі тазалық қана емес, келешек ұрпаққа берілетін тәрбие.

Үлкен өзгерістер күнделікті қарапайым әдеттерден басталады. Өзіміз және болашақ ұрпағымыз үшін Қонаевты, туған жерімізді және тұтас Қазақстанды таза әрі көркем қалпында сақтайық.

Өз тілшіміз

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke