Іле ауданында өткен кездесуде Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлі туралы айтылды. Кездесуде инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелерінің маңызын атап өтілді.
Басқосулар барысында экономиканы әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды қолдау және адами капиталды дамыту мәселелері де талқыланды. Қатысушылар Президент бастамаларын жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндірді.
Жиында Қарасай ауданының тұрғындары Қырғауылды ауылындағы мектептің таршылық ететінін айтып, Қаскелеңдегі А.Пушкин орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы керегін тілге тиек етті. Сондай-ақ өңір тұрғындары Бекболат ауылындағы Мәдениет үйін жаңғырту, “Қарлығаш” шағынауданында ауызсу мәселесін көтерді. Ал Іле ауданында өткен кездесуде аймақ тұрғындары мектеп қызметкерлерінің еңбек жағдайы, жалақы мөлшері, әлеуметтік төлемдер, жаңа білім беру нысандарының құрылысы және педагогтердің кәсіби құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты сауалдар қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, Жолдауда белгіленген міндеттердің мазмұны мен алдағы жүзеге асу бағыттарын түсіндірді.
Жалпы, Алматы облысында өткен кездесулер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді халыққа жан-жақты түсіндіруге, өңірдің даму басымдықтарын талқылауға және тұрғындармен кері байланысты нығайтуға бағытталды. Жолдаудағы бастамаларды тиімді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдерінің және азаматтардың бірлескен жұмысына негізделетіні атап өтілді.

