Қонаев қаласында 900 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Жоба «NEW Construction LTD» ЖШС-нің жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құрылыс нысанына барып, инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық, инженерлік желілерді тарту және мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады.
Жаңа мектеп саяжай алқаптарында тұратын балаларға білім беру мекемесіне жақын жерде оқуға мүмкіндік береді. Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда аталған аумақтардан шамамен 1 200 бала күн сайын қалаға қатынап оқиды.
«Мектеп құрылысы Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің тапсырмасына сәйкес басталды. Біздің басты мақсатымыз – балаларға қолайлы білім алу жағдайын жасау. Құрылысты бір жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Асхат Бердіханов.
Жоба жетекшісі Денис Брюхановтың айтуынша, мектеп құрылысына 2 гектар жер учаскесі бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді құрайды. Білім ордасы 900 оқушыға шақталған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қонаев қаласында 10 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 9-ы мемлекеттік білім беру мекемесі. Аталған мектептерде 13 мыңнан астам оқушы білім алуда.

