Бірі жеңіс үшін жүгірді, енді бірі өз мүмкіндігін сынады. Ал кейбірі үшін бұл – спортқа жасаған алғашқы қадамы. Қонаевта тұңғыш рет өткен «Qonaev Run – 2026» марафоны осылайша түрлі жастағы 1500-ден астам адамды ортақ мақсатқа біріктірді. Жарыс жолына оқушылардан бастап, аға буын өкілдеріне дейін шықты.
Марафон Алматы облысы мен Қонаев қаласы әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің қатысуымен ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Асхат Бердіханов қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерге Алғыс хат табыстады. Айта кетейік, шаһар басшысы да додаға төртінші нөмірмен қатысып, мәреге жетіп, медаль иеленді.
Бұл жарысқа тек Қонаев тұрғындары ғана емес, Талдықорған, Тараз, Алматы және Қызылорда қалаларынан келген спорт әуесқойлары да қатысты. Жарыс жолында кәсіби спортшылар мен әуесқой жүгірушілер қатар өнер көрсетті. Олардың арасында Қазақстанның танымал параспортшысы, Тараз қаласының тұрғыны Зүлфия Ғабидуллина мен облыс чемпиондары да болды.
«Бүгінгі марафонның ауқымы кең болды. Әртүрлі қаладан келген қатысушылармен қатар, мүгедектігі бар азаматтар да жарыс жолына шықты. Бұл – спорттың ешкімді бөліп-жармайтынын көрсететін ерекше сәт. Біз үшін әр қатысушының мәреге жетуі маңызды», – деді қалалық спорт және туризм бөлімінің басшысы Дамир Күзембаев.
Доданың қатысушылары төрт жас санаты бойынша бақ сынады. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер анықталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Сайыстың ең жылдам қатысушысы Ердәулет Қасымжан 5 шақырымдық қашықтықты 18 минутта бағындырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Әйелдер арасында Милена Леонова үздік нәтиже көрсетті.
«Кішкентайымнан спортқа жақын болғандықтан, 5 шақырымды еңсеру маған қиын болған жоқ. Бар күшімді салып, жеңіске жетуге тырыстым. Мұндай жарыстардың ең маңызды тұсы – кейінгі буынға мотивация беру. Менің жетістігім өзгелерді де спортпен айналысуға ынталандырса деймін», – деді Ердәулет Қасымжан.
Жас қатысушылардың қызығушылығын арттыру үшін жарыс алаңында робот та бой көрсетті. Бұл балаларға арналған тосынсый еді.

