Жеке автокөлік деген – бұл еркін қозғалысың және екінші жылжымалы үйің секілді. Затыңды багажға салып, қалаған уақытыңда жолға шығып кете бересің. Жаздың ыстығында, жаңбырлы күнде және қыстың қақаған суығында өз көлігіңде өзіңді комфортпен сезініп, қалаған жеріңе жетуге мүмкіндік береді. Ауыр сөмкеңді көтеріп, уақытыңды алдын ала белгілеп, асығып, Қазақстанның қай қаласына болсын автобусқа немесе пойызға билет іздеудің қажеті жоқ. Жанармайыңды құйып, сапарыңа рақаттанып шыға бер. Қалада жүрсең, «жұмыстан кешігіп қаламын», «автобус уақытында келмеді», «жұмыстан кейін автобус тоқтап қалады» деген уайым сені мазаламайды. Алайда әр жақсылықтың өз ережесі мен заңы әрі қиындықтары бар. Сіз темір тұлпардың тізгінін ұстаған сәттен бастап, өзіңізге үлкен жауапкершілік жүктелетінін есте сақтағаныңыз абзал әрі жолда жүру ережесін мұқият сақтау қажет екенін білуіңіз керек. Ал кейбір жаңадан автокөлікті жүргізіп үйренгісі келетіндерге бұл үрей тудыруы мүмкін. Өкінішке қарай, жолға шыққанда мұқият болмасаң, соңы жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Осындай және басқа да жол жүру ережелері бойынша Қонаев қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің ардагері Алпысбаев Қалижан ағадан сұқбатымыздан білеміз.
— Қалижан аға, сіз басқаратын автомектептің ерекшеліктері қандай? Басқа мектептерден қандай айырмашылығы бар?
— Біздің автомектеп өз қызметінде дәстүрлі әдістерден тыс, заманауи педагогикалық және технологиялық тәсілдерді пайдаланады. Оқыту процесінде біз оқушылардың психологиялық және когнитивтік ерекшеліктерін ескере отырып, олармен жеке жұмыс істеуге басымдық береміз. Жол қозғалысын үйретуде, жүргізушінің әртүрлі қиындықтарды алдын ала байқауын, жолда жүргенде алда келе жатқан әр жүргізушінің қандай маневр жасауы мүмкін екенін, жалпы жол қиылыстары мен көліктің габаритіне байланысты өзінің және басқа жүргізушілерге зияны тимейтін әдістерді үйретеміз. Бұл әдістемелер оқушылардың теориялық білімдерін практикалық дағдылармен үйлестіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
— Сіздердің мектептеріңіз қанша жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде қанша түлек дайындадыңыздар?
— Біздің автомектеп жол қозғалысы мәдениетін жетілдіру және қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында соңғы он жыл бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында бес мыңнан астам түлекті оқытып шығардық. Біздің түлектеріміздің көпшілігі жол ережелерін бұлжытпай орындайтын жауапты жүргізушілер қатарынан табылып, қоғамның сенімін ақтап келеді.
— Қалижан аға, сіздің ойыңызша автонұсқаушылар қандай болу қажет?
— Біздің автомектептің барлық автонұсқаушылары үлкен жүргізушілік тәжірибеге ие, менің тікелей бақылауыммен оқытудан және қайта даярлықтан өтеді. Егер оқушы мен автонұсқаушы арасында түсініспеушілік туындаса, оқушы автонұсқаушыны ауыстыра алады, бірақ бізде осы уақытқа дейін ондай жағдай ешқашан болмаған. Бізде әрдайым оқушының құқығы бірінші орында және біз оның қалауына қарай бейімделеміз. Автонұсқаушылар ешқашан оқушыларына дауыс көтермейді – бұл өте маңызды! Оқушы ыңғайлы жағдайда оқуы керек. Мұғалімдер материалды заманауи деңгейде жеңіл әрі қолжетімді тілде түсіндіреді. Оқу аяқталған соң теориядан тапсыру көрсеткіші бізде дерлік 100 пайызды құрайды. Ал практикалық емтиханның нәтижелері жақсы, мұнда негізінен психологиялық факторлардың әсері айтарлықтай болады. Сондықтан біз әр оқушының талабына мұқият қараймыз.
— Аға, автомектепті аяқтаған соң ХҚКО-да емтихан тапсыру қаншалықты қиын?
— Егер оқып жүріп ештеңеге зейін қоймаса, әрине қиын! Біздің мұғалімдер оқыту процесіне әр курсанттың қызығушылықпен қатысуын қамтамасыз етеді, соның арқасында емтиханды сәтті тапсырып, ХҚКО-дан қуанышты көңіл-күймен шығады. Практика көбінесе емтихан тапсырушының стресске төзімділігіне және емтихан кезінде жанындағы адамдардың әрекетіне байланысты.
— Аға, айтыңызшы, шынымен көлік жүргізу дағдыларын меңгеру және автокөлікті лайықты түрде басқару қиын ба, әлде олай емес пе?
— Біріншіден айтарым: көлік жүргізуді үйрене алмайтын адам жоқ. Тек әр адамға бұл үшін әртүрлі тәсілдер, уақыт және күш-жігер қажет. Әр адам жеке тұлға ретінде өзгеше, біреу үшін оқыту қиынға соғуы мүмкін, ал басқасына оңайырақ келеді. Мен жиі айтып отырамын: «Жүргізуші куәлігін барлығы алуға лайық, бірақ әркімнің өз уақытында» – бұл жай қалжың емес. Біреуге автомектептің оқу бағдарламасы жеткілікті болса, басқа біреуге қосымша дайындалу қажет болуы мүмкін. Кейбір адамдар автомектепте алғаш рет рөлге отырып үйренсе, басқалары әкесі немесе күйеуінің көлігі арқылы аз да болса тәжірибе жинаған.
Барлығы адамның өзіне байланысты. Біз адамның өзі қаламаса, оны үйрете алмаймыз. Сирек жағдайларда, адамдар автомектепке келген соң, бұл оларға мүлдем қызық емес екенін, өздеріне қажет емес екенін түсінеді. Бірақ көп жағдайда, алғашқы сабақтардан кейін оқушылар жаңа, қызықты эмоциялар алып, ерекше әсерге бөленеді. Ескеру қажет, қазіргі таңда көлік жүргізіп жүргендердің барлығы да бір кездері ештеңе білмейтін, алайда олар да бір автомектептен білім алды емес пе?! Ал қазір жол қозғалысының ағынында өзіне сенімді жүріп жүргенін көріп жүрміз.
— Қалижан аға, сіздердің автомектептеріңізге жаңадан келген оқушыларыңыздың жиі қоятын сұрақтары қандай?
— Бізге жиі қойылатын сұрақтардың бірі – жас шектеулері туралы. Шынымды айтсам, ересек адамдарға оқу сәл қиынырақ, бірақ олар, әдетте, оқуына аса жауапкершілікпен қарайды. Жеке өзім жасы 50-ден асқан бір кісіні оқыттым. Мақтанғаным емес, шынымды айтсам, қазір сол кісі кез келген жас жүргізушіні басып озар еді. Мұның бәрі адамның ынтасына және жүргізуші куәлігін алу қажеттілігіне байланысты. Менің айтарым – қай жаста болсаң да, алдыңа мақсат қой да, өзіңді жаңа әсерге бөле.
— Қалижан аға, қазіргі кезде жол-көлік оқиғаларының көптігі автомектептердегі білім беру сапасының нашарлығынан деп жиі естиміз. Бұл рас па?
— Бұл жерде мен еліміздің кез келген автомектебін қорғай аламын деп ойлаймын. Әрине, ақша жинаумен айналысатын, оқытумен емес, тек пайда табуды көздейтін жауапсыз ұйымдар да бар. Құдайға шүкір, біздің Қонаевта мұндай мектептер жоқ. Бірақ, тіпті ең нашар деген автомектептің оқытушысы мен инструкторы өз оқушыларын жол жүру ережесін бұзуға, қызыл жарыққа өтуге, жылдамдықты асыруға, тыйым салынған жерде басып озуға, жаяу жүргіншілерді өткізбей өтуге немесе тыйым салынған жерлерде тоқтауға үйретпейді. Әр инструктор өз оқушысының жол жүру ережесін қауіпсіз жүруге барын салып үйретеді, оған менің еш күмәнім жоқ.
— Аға, алайда жол жүру ережесін бұзғандар да аз емес қой. Қонаевта кездесе бермегенімен, Алматыға барып қалсақ, жолда жүргенде, алдымыздан леп етіп шығып, көз алдымызда жол жүру ережесін бұзып, жолымызды қиып кетіп, ашу-ызамызды келтіріп жатады. Бұның себебі автомектепте оқуының нашарлығы ма әлде адамның мәдениетсіздігі ме?
— Жалпы, автокөлік жүргізушіге мәдениет деген бөлек ұғым. Біз оны орысша айтқанда «водительская солидарность» дейміз. Әр жүргізуші жолда асығып, әртүрлі жағдаймен жол жүру ережесін бұзуы да мүмкін. Иә, өкінішке қарай мұндай жағдайлар жиі кездеседі, өзім де байқап жүремін. Бірақ олар автомектептерде сапасыз білім алғандықтан емес, әр адамның өз түсінігіне байланысты. Көлік тізгінінде жүрсең, барынша кешірімді, барынша сабырлы болу керек. Алдыңды біреу кесіп өтті деп, оған ашуланудың еш қажеті жоқ, одан сен ештеңе ұтпайсың. Қазіргі кезде барлық жерде бейнебақылау құрылғылары дамып келе жатқан заман, сол үшін қазір жол сақшылары ондай жүргізушілерді бірден анықтайды. Біз ережелерді үйретеміз, бірақ оларды орындау – әр адамның өз жауапкершілігінде.
— Қалижан аға, оқырмандарымызға автомектепті дұрыс таңдаудың жолдарын айтыңызшы.
— Дұрыс таңдау үшін алдымен келесі сұрақтарға жауап табу керек деп ойлаймын:
— Кім оқытады? (мектептегі оқытушылар мен инструкторлар кімдер, олардың жұмыс өтілі қандай, бұрынғы оқушылардың пікірлері қандай);
— Қандай көліктерде оқытады? (мектептің автопаркі, көлік маркалары, жаңа немесе ескі көліктер);
— Мектептің орналасуы және жұмыс кестесі (мектепке жету ыңғайлы ма, теориялық және тәжірибелік сабақтардың уақыты қандай, демалыс күндері немесе жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін сабақ өткізу мүмкіндігі бар ма).
Қазіргі таңда біздің автомектепті бітіріп, өз білімімен теориялық әрі практикалық емтиханды бірден өтіп, жол жүру куәліктерін алғандардың саны жылдан жылға артып келеді. Расында біз ешқандай жарнамаға тәуелді емеспіз, өйткені біздің автомектептің оқушылары бұрынғы түлектеріміздің кеңесі бойынша келіп жатады.
— Қалижан аға, өзіңіздің ұжымыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
— Осы уақытқа дейін жылдар бойы біздегі ең маңыздысы – тәжірибелі және білікті, бір мақсатқа ұмтылған еңбекқор ұжымның қалыптасуы болды, мен оны автомектептің ең басты байлығы деп санаймын. Біздің автомектепте әр маманның өз ерекшелігі бар, мұнда адам санын толтыру үшін жүрген ешкім жоқ, әрқайсысы өз орнында. Олардың еңбегіне баға беретін біздің оқушылардың ризашылығы бірнеше рет дәлелдеген. Бұл – біздің оқушыларға ыңғайлы әрі жағымды жағдай жасап, жақсы естеліктер қалдыратын кәсіби мамандар ұжымы.
— Қалижан аға, берген сұхбатыңызға рақмет. Алдағы уақытта сіздерге тек үлкен жетістіктер тілеймін.
— Рақмет!
Сұхбаттасқан: Аян Қонаров