Өмірде адамның тағдырын өзгертетін мекендер болады. Ол жерлер сені тек маман ретінде қалыптастырмайды – сені тұлға етеді. Сенің кім екеніңді, не істегің келетінін, қай бағытта дамуға болатынын анықтатады. Мен үшін сондай мекен – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Бұл – бір кездері арман болып көрінген, бірақ бүгінде менің өмірімнің өзегіне айналған ұлы орда. Бұл – көкірегіме сенім, қолыма нақты білім берген, мені өзіммен табыстырған қасиетті мекен.
ҚазҰУ-дың қақпасынан алғаш кіргенімде бойымды ерекше толқу билегені әлі есімде. Биік бағаналар, ұлттық оюлармен безендірілген заманауи ғимараттар, іштей терең тыныс алып жатқан көне дәстүр мен заманауи тыныстың бір үйлесімі – бұл университеттің рухы тек көріністе ғана емес, әр бұрышында, әр тынысында сезіледі. ҚазҰУ – ұлттың рухани коды бар, жас ұрпаққа бағыт беретін мекен.
Мұнда уақыт баяу өтпейді. Керісінше, сен әр сәтіңді тиімді өткізуге ұмтыласың. Себебі ҚазҰУ сені жай ғана студент ретінде емес, ел болашағының иесі ретінде тәрбиелейді. Әр оқытушы – бір әлем. Әр сабағы – бір өмірлік тағылым. Олар бізге жай білім беріп қана қоймайды, өз болмысымызбен күресіп, өз жолымызды табуға көмектеседі. Кез келген пікірге құрметпен қарайтын, студенттің ойы мен бастамасын қолдайтын осындай ұстаздардың арқасында мен өз ойымды ашық айтуға, пікірімді дәлелдеуге, жауапкершілікпен шешім қабылдауға үйрендім. Бұл – шын мәнінде өмірлік дағды, университеттің маған берген ең үлкен сыйының бірі.
ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені. Бұл жерде тек сабақпен шектелмей, ғылыммен айналысып, халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысып, өз идеяларыңды жүзеге асыруға толық жол ашық. Стартап жобалары, зерттеу институттары, халықаралық конференциялар – мұның бәрі біз үшін есік емес, кең ашылған дарбаза. Университет – сенім артады. Сен әлі толық дайын болмасаң да, саған сенеді. Және дәл сол сенім сені өсіреді. Себебі саған сеніп тұрған тұста, сен өзіңе де сеніп үйренесің. Мен мұны ҚазҰУ қабырғасында жүріп түсіндім.
Университеттің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы – бұл тек атауы ғана «қызмет көрсету». Іс жүзінде бұл – студенттің жайлы оқуына, дер кезінде көмек алуына, өзіне сенімді болуына арналған нағыз қолдау алаңы. Құжат мәселесі, психологиялық кеңес, жұмысқа орналасуға көмек – осындай дүниелер күнделікті студент өмірін жеңілдетіп, оқу сапасын арттыруға ықпал етеді.
ҚазҰУ – халықаралық кеңістіктегі беделін жыл сайын арттырып келе жатқан университет. Бүгінде әлемнің 400-ден астам университетімен серіктестік байланыс орнатылған. Бұл байланыстар арқылы студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысып, шетелде білім алуға мүмкіндік алады. Бұл – тек оқу емес, бұл – мәдениетпен танысу, жаңа ой көкжиегіне шығу, өзіңе басқа қырмен қарауға жол. Менің қатарластарым Франция, Германия, Корея, Түркия, Жапония секілді елдерде оқып келіп, ҚазҰУ қабырғасында жинаған білімдерін әлемдік тәжірибемен толықтырып жүр. Бұл – университет берген сенімнің, ашқан мүмкіндігінің айғағы.
Ал менің оқып жатқан ортам – Экономика және бизнес жоғары мектебі – болашақ экономистерге арналған шабыт орталығы. Мұнда білім беру тек оқулықпен шектелмейді. Шынайы кейстер, практикалық тапсырмалар, топтық жобалар, бизнес-симуляциялар – бәрі де бізді тек маман емес, нақты нарыққа бейімделген тұлға болуға жетелейді. Мұнда мен өзімнің қабілетімді танып, нақты бағыт тауып, өз мамандығыма деген шынайы сүйіспеншілігімді сезіндім. Кәсіпкерлік рух, аналитикалық ойлау, қаржылық сауат – бұл тек пәндерде емес, күнделікті ортада қалыптасатын қасиеттер.
ҚазҰУ түлектері бүгінде еліміздің түрлі салада, тіпті шетелдік алпауыт компанияларда табысты еңбек етіп жүр. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, бұл – жүйелі, сапалы, ұлтқа қызмет етуге бағытталған білімнің нәтижесі. Университет бізді тек жұмысшы күшіне емес, елдің қозғаушы күші болуға тәрбиелейді. Мен осы сөздерді айтқанда мақтанамын: «Мен – ҚазҰУ студентімін». Өйткені бұл атақ маған тек мәртебе емес, жауапкершілік те жүктейді.
ҚазҰУ – менің өмірімдегі ең үлкен өзгерістердің, ең батыл шешімдердің, ең шынайы өсуімнің бастауы болды. Бұл жерде мен тек мамандық емес, өмірге деген көзқарас, ұстаным, мақсат алдым. Бұл жерде мен арманыма жол таптым. ҚазҰУ маған «сенде бәрі болады» деп емес, «сен істей аласың» деп үйретті.
Андабаева Г.К,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
Экономика кафедрасының доценті
Мұқан Еркежан,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
Экономика кафедрасының студенті