1 C
Алматы
Среда, 22 января, 2025

«Айша сити» базарында алғашқы жәрмеңке өтті

Бұған дейін жазғанымыздай, Қонаев қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мамандары Абай көшесінде, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасайтындармен келіссөз жүргізді. Олар жуық арада «Айша сити» базарына көшуі тиіс. Бұл базар стационарлық емес бөлшек сауда орыны ретінде заңмен (Алматы облысы Қапшағай қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 8 ақпандағы №59 қаулысы) белгіленген.

Қазіргі таңда мұнда әрқайсысының аумағы 25 шаршы метрді құрайтын 36 дүңгіршек қойылуда. Сондай-ақ базарды санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Ал Абай көшесі қаланың даму жоспарына сәйкес, абаттандырылады деп жоспарлануда.

«Айша сити» базарында алғаш рет Алматы облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Онда сүт, ет өнімдері, әлеуметтік маңызы бар тауарлар саудаланды. Азық-түлік нарықтағы бағадан арзан сатылды. Жәрмеңкеге келген тұрғындар қарасы көп болды.

«Халық қолайлы, ыңғайлы жерде сауда жасауға үйренуі тиіс. Қаланың сәулеттік келбеті тартымды болуы үшін маңызды қадамдар қажет екені жасырын емес. Жәрмеңкеде күнделікті тұтынатын өнімдерді арзан сатып алдық. Ал Абай көшесінде сауда жасайтындардың не құжаты, не сертификаты жоқ, қандай сападағы тауарды сатып жатқаны белгісіз еді. Азық-түліктің сапалы болуы денсаулыққа тікелей әсер етеді. Сондықтан жаңашылдыққа жақсы көзбен қараймын. Көшеде сауда қылатындар базарға көшу идеясын қолдаймын», – деді тұрғын Алмагүл әже пікірін білдіріп.

Рұқсатсыз сауда орындарын базарға көшіру бойынша жұмыстар жалғасады.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke