Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жеке инвестормен Бөктерде кездесіп, жобаны талқылады.
Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев Бөктерде теміржол станциясы салынса, Солтүстік жағажайлардың дамуына мүмкіндік туатынын айтты.

«Қазір бұл теміржол арқылы тек жүк тасымалдануда. Алдағы уақытта «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ» осы жобаны қолдаса, инвестор тартсақ, қаладағы туризм дамиды. Жолаушылар қатынасына тағы бір бағыт қосылады. Осылайша, шомылу маусымында демалушылар саны өседі», — деді Бағдат Алиев.
Ал қала әкімі инвестжобаны әлі де талқыға салу қажеттілігін атап өтті.
«Алматы облысының басшылығы мен теміржолға жауапты мекемелерден қолдау табылса, Қонаев қаласының әкімдігі инвесторлармен жұмыс істеуге әрдайым ашық. Ары қарай жүзеге асыруға тырысайық», — деді Асхат Бердіханов.
Айта кетейік, былтыр қалаға 103,1 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылған болатын.