Өңірде АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың үгіт-насихат жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр. Штаб белсенділері аймақ тұрғындарына арнап ақпараттық материалдар таратып, әр ауданда түсіндіру кездесулері өткізуде.
Халықтық штаб белсенділері елдің әр ауданында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атом электр станциясының стратегиялық рөлі туралы жан-жақты ақпарат беруде. Бүгінде АЭС құрылысына қатысты халықтың көзқарасын өзгерту мақсатында арнайы брошюралар, плакаттар тарату жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.
«Біздің басты мақсатымыз – халықты АЭС жобасының артықшылықтары мен оның елге тигізетін экономикалық және экологиялық пайдасы туралы нақты, дәлелді ақпаратпен қамтамасыз ету. Әрбір тұрғын бұл жобаның елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қаншалықты маңызды екенін түсінуі қажет. Атом энергетикасы – болашақтың энергиясы. Ол бізге тұрақтылық пен экологиялық таза энергияны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар АЭС құрылысы елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Қазір біз осы ақпаратты халыққа ашық, түсінікті түрде жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Халықтық штабтың белсендісі Медет Бекбергенов.
Көптеген тұрғындар белсенділердің бастамасын қолдап, елімізге экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі қажет екенін айтып отыр. Бұл халықтың ақпараттық хабардарлығының артқанын және АЭС салу жобасына қатысты оң көзқарастар қалыптаса бастағанын көрсетеді. Тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сұрақтарға штаб мүшелері толық жауап беріп, жобаның барлық аспектілерін жан-жақты түсіндіруде.
Халықтық штаб алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, АЭС салу туралы толық ақпарат беруге бағытталған кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.