Алматы облысына жұмыс сапары барысында Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов өңірдегі бизнес пен өндірістік кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Салалары әртүрлі болғанымен — білім беру, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі — бәрін біріктіретін ортақ мәселе бар: күн сайын жүйелі қиындықтарға тап болатын, нақты іспен айналысатын кәсіпкерлер мемлекет тарапынан түсіністік пен пәрменді қолдауға мұқтаж.

Ауылдық жекеменшік мектепте инфрақұрылымның тозуы мен шамадан тыс жүктеме білім беру сапасына кері әсер етуде. Қаржыландырудың кешігуі, мұғалімдердің әлеуметтік қолдаусыз қалуы, оқушыларға аттестат беруден бас тарту сияқты түйткілді мәселелер шұғыл шешімді қажет етеді.
Халықаралық корпорацияның құрамында жұмыс істейтін фармацевтикалық зауыт — елімізде инфузиялық ерітінділер, антибиотиктер мен онкологиялық препараттар шығаратын ірі өндіріс. Дегенмен саладағы басты проблема — фармацевтикалық субстанцияларға толықтай тәуелділік. Шығарылатын өнімнің рентабельділігі төмен, бұл инновация мен өндірісті кеңейтуді тежейді.
Сусын өндіретін кәсіпорын — еліміздегі ең ірі өндірістің бірі, өндірісті дамытуға миллиардтаған инвестиция салып отыр. Алайда салық жүктемесінің артуы, акциздер мен таңбалау секілді жаңа реттеулер саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде өндіріс көлемінің қысқаруы, жұмыс орындарының азаюы және көлеңкелі нарықтың өсу қаупі бар.
«Әртүрлі салада жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар — еліміздегі нағыз экономиканың тірегі. Олардың мәселелері — жеке жағдай емес, жүйелік сипатқа ие. Мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті табу үшін біз өңірлердің үнін естуіміз керек», — деді Айтуар Қошмамбетов.
Respublica партиясының баспасөз қызметі
8 701 722 8251 Еңсебаева Әлия