Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы санақ 1920 жылы жалпы халық санағымен қатар өткізілді. Қазан төңкерісінен кейінгі ауыл шаруашылығындағы өзгерістерді тіркеуге бағытталған бұл санақ ел аумағын толық қамтымай, толық мәлімет бере алмады. Санақ барысында шаруашылық қауымдастықтары, коммуналар, артельдер, кеңшарлар және өзге де кәсіпорындар есепке алынды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының жеке шаруашылықтары, егістік және үй жанындағы жерлерге себілген дақылдар, малдың саны мен жыныстық-жас ерекшеліктері, ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтары, қосымша кәсіптер мен табыс көздері туралы мәліметтер жинақталды.
Бұл санақ кезінде халықтың азық-түлікпен қамтылуы, астық қоры, бағалар деңгейі, жұмысшылар саны мен жалақысы, демографиялық деректер, жер мәселесі мен көшпелі халықты отырықшыландыру жайы қамтылған кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеулер көбіне экспедициялық әдіспен жүзеге асырылып, алғашқы картографиялық жұмыстар 1926 жылы жазда өткізілді. Қазақ АССР-і Статистика басқармасы демографиялық, санитарлық, еңбек, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тұтыну салаларындағы статистикалық деректерді жинап, жыл сайынғы шолулар мен басылымдарды қамтамасыз етті. Ал жергілікті деңгейде губерниялық және уездік статистикалық бюролар жұмыс істеді.
Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2006–2007 жылдары өтті. Бұл санақ аясында еліміздегі 2,5 мың ауылдық және кенттік округ, 7,5 мың елді мекен қамтылып, 9 мыңнан астам заңды тұлға, 194 мың шаруа (фермер) қожалығы, 2,2 млн үй шаруашылығы және 560 мың саяжай тіркелді.
2025 жылы Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл туралы шешім 2023 жылғы 26 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасына және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес қабылданды. Санақ 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл санақ ауыл шаруашылығы саласындағы құрылым мен жағдай туралы ресми статистикалық ақпаратты жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған және он жылда бір рет өткізіледі.
Санақ ауыл шаруашылығының нақты жай-күйін бағалауға, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған саясатты әзірлеуге, сондай-ақ болашақтағы таңдаулы бақылаулар мен есепке алулар үшін қажетті база қалыптастыруға мүмкіндік береді. Санақ екі кезеңмен өтеді: 2025 жылғы 1–31 тамыз аралығында арнайы веб-портал арқылы респонденттердің өздігінен онлайн сауалнама толтыру кезеңі, ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында – сұхбат арқылы планшет қолдану арқылы интервьюерлердің қатысуымен мәлімет жинау жалғасады.
Санаққа ауыл шаруашылығы саласында қызмет жүргізетін заңды тұлғалар мен олардың бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін үй иелері (саяжай, бақша, көкөніс егетін жерлер және мал ұстайтындар) қатысады. Санақ барысында жер және егістік алқаптары, мал мен құс саны, ауыл шаруашылығы техникасы, мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар мен қоймалар туралы мәліметтер жиналады. Санаққа 5 мыңнан астам нұсқаушы мен интервьюер тартылады.
2024 жылы ауыл шаруашылығы санағының пилоттық кезеңі өткізілді. Пилоттық жоба 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жүргізіліп, 54 елді мекен қамтылды. 32,4 мың үй шаруашылығының 27,1 мыңы (83,5%) санақтан өтті. Онлайн сауалнамаға 18,6 мың респондент қатысты, оның ішінде 13,3 мыңы ұйымдастырылған шаруашылықтар, 5,3 мыңы – жеке үй шаруашылықтары болды. Жалпы 45,7 мың респондент қамтылды. Санақтан бас тартқандардың үлесі – шамамен 2%. Сұралмаған нысандардың 36%-ы – иесіз немесе пайдаланылмайтын саяжайлар, 5%-ы – тұрғын емес ғимараттар. Пилоттық кезеңде ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер біріктіріліп, респонденттерге SMS-хабарламалар таратылды.
Пилоттық санақтың оң нәтижелері ретінде жергілікті әкімдіктердің белсенділігін, ауыл шаруашылығы субъектілерінің жоғары дайындық деңгейін және халықтың онлайн сауалнамаға кеңінен қатысуын атап өтуге болады. Сонымен қатар қалалық және саяжай аймақтарында сауалнама жүргізудің қиындығы, интервьюерлердің құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеуі және жалған ақпараттың таралуы сияқты мәселелер де тіркелді.
Ауыл шаруашылығы санағы – мемлекет дамуы үшін маңызды науқан. Сондықтан аудан тұрғындарына алдағы болатын ауыл шаруашылығы санағына түсіністікпен қарап, белсенді қатысуға шақырамыз.
Токсеитов Самат Дулатович,
ҚР СЖРА ҰСБ Алматы облысы бойынша департаменті,
Қонаев қаласы статистика басқармасының басшысы