2025 жылғы 23 маусым мен 6 шілде аралығында Алматы қаласында радикалды және деструктивті діни идеологияны ұстанушылармен жұмыс істейтін мамандарға арналған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды.
Аталған курс Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті мен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің бірлескен бастамасымен өтті.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғам үшін қауіпті діни радикализмнің алдын алу ісінде өңірлік деңгейдегі мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру. Оқыту курсы дінтану, психология, тарих және исламтану салаларын қамтыған арнайы әзірленген авторлық модульдер негізінде жүргізілді.
Оқу үдерісіне еліміздің әр өңірінен келген жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен сарапшылары тартылды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің тәжірибелі мамандары дәріс оқыды.
Курсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 80-ге жуық маман қатысып, деструктивті діни идеология ықпалына түскен азаматтарды оңалту және қайта әлеуметтендіру жолындағы заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерді. Қатысушылар теориялық білімдерін жетілдіріп қана қоймай, практикалық дағдыларын да арттырды.
Курс соңында тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталып, қорытынды шара ұйымдастырылды.
Бұл бастама еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық келісімді нығайту және білікті кадрлар даярлау ісіне елеулі үлес қосатыны сөзсіз.