-4.1 C
Алматы
Четверг, 18 декабря, 2025

Трансплантология – өмірді сақтайтын соңғы мүмкіндік

Трансплантология – адам ағзасының белгілі бір мүшесі өз қызметін толық тоқтатқан жағдайда қолданылатын медицинаның ең күрделі әрі маңызды салаларының бірі. Мұндай кезде дәрі-дәрмекпен немесе өзге емдеу тәсілдерімен көмектесу мүмкін болмайды, сондықтан ағзаны алмастыру – науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы.

Қазақстанда ағза донорлығының екі түрі бар: тірі және мәйіттік донорлық. Заңға сәйкес, тірі донор тек науқастың жақын туысы бола алады. Ал бөтен адамның тірі донор болуына тыйым салынған. Көп жағдайда туыстардың келісім бермеуі немесе медициналық қарсы көрсетілімдер салдарынан науқастарға тірі донор табылмайды. Мұндай жағдайда олардың соңғы үміті – мәйіттік донор.

Мәйіттік донор тек ми өлімі диагнозы қойылған жағдайда ғана қарастырылады. Егер қайтыс болған адамның тірі кезінде берген келісімі немесе туыстарының рұқсаты болса, оның сау ағзалары өмірін сақтап қалуды күтіп отырған науқастарға трансплантацияланады. Бұл – таза гуманитарлық әрі сауапты іс.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда трансплантацияның 95 пайыздан астамы тірі донорлардың көмегімен жасалады, ал мәйіттік донорлар саны өте аз. Қазіргі таңда елімізде 5 мыңға жуық адам ағза донорын күтіп отыр. Өкінішке қарай, донор тапшылығы салдарынан Қазақстанда жыл сайын 300-ден астам адам көз жұмады.

Алматы облысының трансплантология саласының үйлестіруші маманы Тоеке Ақерке Тұрсынбайқызының айтуынша:
«Мәйіттік донорлық – медицинаның көптеген саласында, соның ішінде онкология мен эндокринологияда да аса маңызды. Кей жағдайда мәйіттік донордан алынған ағзалар мен қан тамырлары науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан қоғамда бұл мәселе дұрыс түсініліп, донорлыққа деген көзқарас өзгеруі қажет».

Дәрігерлердің сөзінше, бір адамның мәйіттік донор болуға берген келісімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke