Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасының ұсынылуы – мемлекет дамуының институционалдық негіздерін жаңғыртуға бағытталған маңызды тарихи қадам. Құжатты әзірлеу барысында қоғамның барлық әлеуметтік топтарының, сарапшылар қауымдастығының және саяси институттардың ұсыныстары ескерілгені реформалардың легитимділігі мен өміршеңдігін арттыра түседі.
Жоба мәтінінде егемендік, тәуелсіздік, унитарлық мемлекет қағидаттары мен аумақтық тұтастықтың мызғымас құндылықтар ретінде нақты бекітілуі Қазақстанның конституциялық құрылысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі ретінде айқындалуы демократиялық қағидаттардың тереңдей түскенін көрсетеді.
Сот төрелігі жүйесіне қатысты ұсынылған түзетулер, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, адвокатураның құқықтық мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту – құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі өзгерістер. Бұл қадамдар азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдағы заңға деген сенімді нығайтады.
Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару институттарын жаңғыртуға бағытталған нормалар да елдегі әкімшілік реформалардың логикалық жалғасы болып табылады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңа жағдайларға бейімдеуге мүмкіндік береді.
«Нұрлы Өлке» газетінің редакторы ретінде ұсынылып отырған конституциялық жаңартуларды Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеретін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін маңызды бастама деп бағалаймын.
Назерке Инақынова

