Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында және саяси бастамаларында мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуды, тиімді және заманауи мемлекеттік аппарат құруды ерекше атап өткен болатын.
Өңірлік кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының кадр саясаты саласындағы бағытымен тікелей байланысты.
Осы ретте, Президенттік жастар кадр резервінің жалғасы ретінде 2024 жылы алғашқы рет Президенттің бастамасы негізінде Елімізде Өңірлік кадрлық резервтері қалыптастырылды.
Өңірлік кадрлық резервтің негізгі мақсаты – аймақтың кадрлық әлеуетін күшейту, жеке сектордан үздік жастарды мемлекеттік қызметке тарту, басқару жүйесін жаңғырту және жергілікті деңгейде тиімді шешімдер қабылдайтын мамандар пулын қалыптастару.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 15 маусымдағы Жарлығымен «Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың өңірлік кадр резервін қалыптастыру және одан тағайындау қағидалары» бекітілді.
Бұл құжат өңірлік резервті қалыптастырудың негізгі құқықтық тетігі болып табылады.
Қорытындысы бойынша резервшілер өңірлік кадр резервіне екі жыл мерзімге қабылданады. Бұл кезең резерв мүшелерінің әлеуетін өңір қажеттілігімен ұштастырып, кадрлық сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Өңірлік резервке 35 жастан аспаған, жоғары білімі бар және кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Өңірлік кадрлық резервті шартты түрде өңір басшысының кадрлық «қоры» деуге болады. Себебі резерв – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті мамандарды анықтау, даярлау және оларды мансаптық жолында ілгерілетуге бағытталған.
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабының 3-2)-тармақшасына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадрлық резервіне алынған адамдар жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыс Департаменттің, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалының, сондай-ақ облыстық және аудандық әкімдіктердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде жүйелі түрде жүргізілді.
Соның қорытындысында 2024 жылы 277 үміткердің ішінен 26 азамат іріктелді.
Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша өңірлік кадрлық резервке алынған 26 азаматтың 12-і резерв шеңберінде, 2-і резервтен тыс жұмысқа орналасып, жалпы алғанда 14 адам немесе 54% жұмыспен қамтылды.
Департамент жыл басынан бері резерв мүшелерін жұмысқа орналастыру және мансаптық ілгерілету жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар нақты іс-шараларды іске асырды.
Атап айтқанда, әкімдік аппаратына ресми хат жолдап, ұсынылған лауазымдардан бас тарту себептерін жинақтау, аппараттық кеңестерде резервшілерді ілгерілету бойынша тапсырмалар беру, резерв мүшелерімен тұрақты кездесулер өткізу, облыс әкімдігімен мәселені талқылау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жоспар құру жұмыстары жүргізілді.
Өңірлік кадрлық резерв – өңірдің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Қысқа уақыттың өзінде-ақ резервтің тиімділігі байқалып, бірқатар қатысушылар нақты лауазымдарға тағайындалып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа серпін беруде. Бұл механизм жергілікті деңгейде кәсіби, бастамашыл және нәтижеге жұмыс істейтін мамандарды іріктеп, оларды мемлекеттік қызметке тартуға, сонымен қатар кадрлық сабақтастықты нығайтуға оң ықпал етті. Алдағы кезеңде де резервтің мүмкіндігін толық пайдалану арқылы өңірдің даму басымдықтарына сай кадрлық құрамды күшейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.
Нұрсұлтан СЕЙДАЛИЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Алматы облысы бойынша
департаментінің басшысы

