Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылдың қыркүйек айындағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа жолдауында айтылғандай, кез келген мемлекеттің қызмет етуінде және дамуында құқық басты рөл атқарады. Ол заң үстемдігінің негізі болып табылады, азаматтардың, мемлекеттік органдардың және бизнестің арасындағы қатынастарды реттейді, сонымен қатар жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Нақты құқықтық жүйесіз қоғамның тұрақтылығын, әділдігін және тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Бүгінде еліміз жаһандану дәуіріндегі қарқынды даму кезеңін бастап өткеріп жатыр. Күннен күнге саяси аренадағы Қазақстан Республикасының орны айқындалып, нық қадамдармен алға басып келеді. Өз кезегінде, конституциялық реформалар мен заң саласының дамуы бұл жолда үлкен үлесін қосуда.
Заң азаматтар мен ұйымдардың мінез-құлқын реттейтін нормалар мен ережелер жүйесін жасайды. Бұл қылмыстың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектеседі. Полиция және сот сияқты құқық қорғау органдары істердің әділ және бейтарап қаралуын қамтамасыз ететін заң шеңберінде жұмыс істейді. Осы ретте, жоғары оқу орындарының ғылым саласын дамытудағы рөлі айрықша.
Мемлекеттің ғылым, білім және заң салаларындағы озық жетістіктері әрқашан маңызды. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультеті қоғам үшін практикалық маңызы бар зерттеулерді жүргізе отырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін дамытуға үлес қосуда.
Биыл заң факультеті 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазақстандағы құқық саласындағы жетекші оқу орындарының бірі ретінде 70 жыл ішінде факультет жоғары білікті заңгерлерді дайындайтын орталық қана емес, еліміздің заң жүйесінің дамуына үлес қосатын маңызды ғылыми алаңға айналып, заманауи білім беру бағдарламалары мен стандарттарын енгізе отырып, өзгермелі жағдайларға бейімделді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, Заң факультетінің, қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасының профессоры – Г.М. Атаханова
Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы – Ш.Д.Советхан
ҚазҰУ-нің, Заң факультетінің 2-курс магистранты А.Д. Джаманбаева