spot_img

Ұлттық орталық музейде «Қолөнер тарихы» атты ретроспективті көрме ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде көрнекті қазақстандық суретші, ауқымды ұлттық жобалардың авторы Болат Мұхамедиевтің «Қолөнер тарихы» атты ретроспективті көрмесі ашылды.

Экспозиция суретшінің сан қырлы шығармашылық жолын айшықтайды. Автор үшін өнер –  үнемі алға ұмтылу, форманың кемелдігі мен мазмұн тереңдігін үйлестіру жолындағы үздіксіз ізденіс. Болат Мұхамедиев шығармашылық ғұмырында батыл эксперимент жасап, жанрлық және стильдік шекараларды кеңейтіп келеді.

Көрмеде мүсіндік және сәулеттік жобалар, кескіндеме мен графика туындылары, дизайн, цифрлық өнер және көркем фотосурет саласындағы еңбектері ұсынылған. Әрбір жұмыс автордың материалды сезіну ерекшелігін, пластикалық ойлау жүйесін және кәсіби шеберлігін танытады. Суретші үшін «қолөнер» ұғымы тек техникалық машық емес, ол – дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық көркемдік кодтар мен заманауи әлемдік үрдістерді тоғыстыратын шығармашылық философия.

Көрме қазақстандық суретшілердің ұлттық бейнелеу өнерін дамытудағы елеулі үлесін айқындайды. Терең академиялық мектептен өткен, мол тәжірибе жинақтаған отандық шеберлер елдің мәдени кеңістігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. 

Бұл көрме жас ұрпақ үшін де тағылымды. Музейдің басты міндеті –  көркем мұраны сақтау және көрсету ғана емес, мәдени сабақтастықты нығайту, Қазақстанның көрнекті суретшілерінің есімдерін кеңінен насихаттау арқылы болашақ буынға кәсіби әрі рухани үлгі көрсету.

Көрменің ашылу салтанатына суретшінің әріптестері мен замандастары Нелли Бубэ, Марат Тұрғымбай, Марлан Нысанбаев, Максат Кантарбаев, Есенғали Садырбаев, Джамиля Такен, Шоқан Төлеш, Естай Даубаев, Фатима Тарази және басқа да өнер қайраткерлері қатысты.

«Қолөнер тарихы» ретроспективасы – шығармашылықтың аралық қорытындысы ғана емес, заманауи қазақстандық өнер кеңістігінде өзіндік орны бар шебердің үздіксіз көркемдік эволюциясының айқын көрінісі.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke