Еліміздің барлық өңірлерінен келген мәслихат депутаттарының басын қосқан осындай маңызды іс-шараға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл форум мәслихат институтын одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Форум барысында жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі өкілді органдардың рөлін нығайту, депутаттардың халықпен өзара байланысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ қоғамның депутаттық корпусқа деген сенімін күшейту мәселелері кеңінен талқылануда. Әсіресе азаматтармен ашық әрі шынайы диалог орнатуға ерекше көңіл бөлінуде. Себебі халықпен тұрақты кері байланыс орнату бізге тұрғындардың нақты қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар жағдайында мәслихаттардың рөлі айрықша арта түсуде. Депутаттардың алдында азаматтардың мүддесін білдіретін өкіл болу, өңірлердің әлеуметтік — экономикалық мәселелерін шешуге белсенді қатысу және еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қосу сияқты маңызды міндеттер тұр.
Осындай форумдар өкілді органдар қызметін жетілдіруге бағытталған жаңа тәсілдерді қалыптастыруға, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылауға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ортақ шешімдер қабылдауға ықпал етеді деп сенемін.
Форум жұмысына қатысу – мен үшін Қазақстанның әр өңірінен келген әріптестермен тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар мәслихаттар қызметін одан әрі жетілдіруге, ашықтық, жауапкершілік және қоғамға қызмет ету қағидаттарын нығайтуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік беруде.
Ракишева Айман Галимжанқызы




