Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов №949 сайлау учаскесіне келіп, республикалық референдумда өз таңдауын жасады.
«Бүгін еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға – республикалық референдум өтіп жатыр. Мен өз азаматтық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Референдум – мемлекетіміздің даму жолына қатысты шешімдердің бірі. Сондықтан әр азаматтың пікірі маңызды деп есептеймін. Референдум жаңа Конституция жобасына қатысты өткізіліп отыр. Бұл – елдің құқықтық негіздерін айқындайтын құжатқа қатысты халық пікірін ескерудің бір көрінісі. Сондықтан тұрғындардың белсенділігі қоғамның азаматтық мәдениетін көрсетеді деп ойлаймын. Елімізде тұрақтылық пен бірлік нығая берсін. Болашағымыз жарқын, тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!» − деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, Қонаевта 31 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Сайлаушылардың саны – 44200.





