Соңғы жылдары қалада жаңа кәсіп нысандары көбейіп, қызмет көрсету саласы кеңейіп, шағын және орта бизнеске (ШОБ) деген қызығушылық артқаны байқалады. Сырт қарағанда, кәсіп ашуға қолайлы орта қалыптасқандай әсер қалдырады.
Алайда сандық өсім сапалық тұрақтылыққа ұласып жатыр ма? Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлердің нақты тірегіне айналды ма, әлде бұл мүмкіндіктердің тиімділігі әркімнің өз іскерлігіне байланысты ма? Осы сұрақтар Қонаевтағы шағын бизнестің шынайы ахуалын зерделеуді талап етеді.
Қалада кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері бар. Олардың қатарында әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы, жастар практикасы, сондай-ақ 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Бұл бағдарламалар әсіресе әлеуметтік осал топтарға бағытталған.
Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындары аясында жұмысшы жалақысының 30–35%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Ал «Күміс жас» жобасы бойынша 50 жастан асқан азаматтардың жалақысының 50–70%-ы өтеледі. Мұндай тетіктер жұмыс берушілер үшін де, жұмыс іздеушілер үшін де белгілі бір мүмкіндік береді.
Сонымен қатар гранттық қаржыландыру да кәсіп бастауға серпін беретін құралдардың бірі. Жыл сайын ондаған азамат өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант иеленеді. Алайда бұл мүмкіндіктердің барлығы бірдей тұрақты нәтижеге жеткізе бермейді.
Ресми деректерге сүйенсек, Қонаевта тіркелген шағын кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді. Қалада жаңа дүкендер, қызмет көрсету орындары, шағын өндіріс цехтары ашылуда. Бірақ сонымен қатар жабылып жатқан бизнес нысандары да аз емес.
Кәсіп бастау салыстырмалы түрде жеңілдегенімен, оны ұзақ мерзімде ұстап тұру әлдеқайда күрделі. Әсіресе алғашқы 1–2 жыл кәсіпкер үшін шешуші кезең болыпсаналады. Осы аралықта қаржылық тұрақтылық қалыптаспаса, бизнес жабылу қаупіне жиі ұшырайды.
Қонаевтағы кәсіпкерлер үшін негізгі түйткілдердің бірі – жалдау ақысының қымбаттауы. Қала облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін коммерциялық нысандардың бағасы айтарлықтай өскен. Бұл әсіресе шағын өндіріс иелеріне салмақ түсіреді.
Салық жүктемесі де кәсіпкерлер жиі көтеретін мәселелердің бірі. Жеңілдіктер қарастырылғанымен, есеп жүргізу мен есеп тапсыру процестерінің күрделілігі шағын бизнес үшін оңай емес. Ал нарықтағы бәсекелестік те күшейіп келеді. Сауда мен қызмет көрсету салаларында бәсеке жоғары болғанымен, сапаға жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін өз орнын табу мүмкіндігі сақталады.
Осы ретте Қонаевтағы шағын бизнестің нақты көрінісін тәжірибелі кәсіпкердің сөзі арқылы бағамдау маңызды. Қаладағы көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігі «Ана сәулесі» төрайымы, «INDIRA» қыз жасауы цехының басшысы Жанат Қалжанова бұл салада жиырма жылға жуық еңбек етіп келеді. Ол кәсібін әлеуметтік жауапкершілікпен ұштастыра білген жандардың бірі.

– Мен бұл істі 2007 жылы Қонаев қаласында көпбалалы аналарға жұмыс беру мақсатында бастадым. Алғашында көрпе-жастық, қыз жасауларын тігуден бастадық. Бүгінде біздің өнімдер тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерге де шығарылады. Мысалы, Әзербайжан, Чехия, Түркия, Қытай, Уфа қалаларына дейін тапсырыстар түсіп жатыр. Бұл – біздің еңбегіміздің нәтижесі.
20 жыл ішінде біз толықтай өз еңбегімізбен осы деңгейге жеттік. Әрине, мемлекет тарапынан да қолдау болды. Мысалы, әлеуметтік жұмыс орындары арқылы жұмысшыларымыздың жалақысының бір бөлігін мемлекет төледі. Кейін «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Бұл жоба арқылы біз 50 жастан асқан аналарды жұмысқа алып, олардың жалақысының бір бөлігін мемлекет арқылы өтедік. Соның арқасында кейбір қызметкерлеріміз зейнетке жақсы төлеммен шықты.
Біз үшін ең үлкен қиындықтардың бірі – жалдау ақысы. Бұрын әкімдік тарапынан берілген жертөледе жұмыс істедік. Кейін өндіріс ұлғайған соң жалдамалы ғимаратқа көшуге тура келді. Соңғы жылдары жалдау бағасы айтарлықтай өсті.
Дегенмен, бәсекелестіктен қорықпаймын. Біз сапаға жұмыс істейміз. Арзан материал қолданбаймыз, керісінше, жоғары сапалы маталармен, заманауи дизайнмен жұмыс істейміз. Қазақстан бойынша люкс деңгейдегі тігін өндірісі көп емес, солардың қатарындамыз.
Қазір цехта 10 шақты адам тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар көпбалалы аналар үшін икемді жұмыс кестесін ұйымдастырдық – кешкі уақытта келіп жұмыс істей алады немесе үйде отырып тігеді.
Мен өзім де мемлекеттік гранттар бойынша комиссия құрамында болдым. Байқағаным – мемлекет мүмкіндікті береді, бірақ оны дұрыс пайдалану әр адамның өзіне байланысты. Кейбіреулер грант алып, кәсібін жүргізе алмай жатады. Ал іскер адамдар сол мүмкіндікті жақсы пайдаланып, кәсібін дамытады.
Сондықтан менің ойымша, Қонаевта бизнес бастауға мүмкіндік бар. Бірақ табысқа жету үшін тек мемлекеттік қолдауға сеніп отыру жеткіліксіз – еңбек, табандылық және жауапкершілік қажет, — дейді кәсіпкер.
Қалада шағын бизнес саласында мүмкіндік те, сын да қатар өріліп отыр. Мемлекеттік қолдау бар, кәсіп бастауға жағдай жасалған. Алайда бұл қолдау бизнестің тұрақты дамуына толық кепіл бола алмайды.
Нәтиже, ең алдымен, кәсіпкердің өз іскерлігіне, нарықты түсінуіне және тәуекелге дайын болуына байланысты. Ал жалдау ақысы, бәсекелестік және табыстың тұрақсыздығы сияқты факторлар әлі де шешімін күтетін мәселелер қатарында.
Шолпан Аралқызы

