Қазіргі кезде жануарлар әлемін сақтау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан осы бағыттағы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстардың маңызы ерекше. Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінде де бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Жуырда білім ордасында «Tasbaqa» халықаралық табиғатты қорғау қоры ұйымдастырған оқушылар арасындағы республикалық «Тасбақа бұрышы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Орта Азия тасбақасын қорғау туралы хабардарлықты арттыру және оқушылар мен мұғалімдерді нақты табиғатты қорғау қызметіне тарту мақсатында өткен салтанатты шарада алғашқы сөз қалалық білім бөлімінің бас маманы Бану Әбдірайымоваға берілді.
– Кең байтақ даламыздың жасыл желегі мен онда еркін өскен аң-құсы – еліміздің баға жетпес табиғи байлығы. Солардың ішінде тасбақаның орны ерекше. Ол – экожүйе тұрақтылығының символы ғана емес, табиғаттың сан ғасырлық эволюциясынан сыр шертетін тірі жәдігер. Оны қорғау арқылы біз туған жеріміздің биологиялық әртүрлілігінің бірегей тізбегін сақтап қаламыз. Осындай экологиялық бастамалар – өңіріміздің табиғи байлығын сақтау үшін аса қажет. Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын оятып, қоғамның санасына сәуле шашатын бұл шараны ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айтқым келеді. «Табиғат – адамзаттың алтын бесігі» десек, сол бесікті қорғау және келешек ұрпаққа таза күйінде аманат ету – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді Бану Әділболатқызы.
«Тасбақа бұрышы» байқауының қорытындысы бойынша І орынды иеленген Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінің өзін-өзі басқару ұйымының президенті Нұрайым Серікқан мен экология министрі Мерей Құдайбергенова сахнада орнатылған үлкен экран арқылы жоба аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Онда тасбақаларды қорғау мен табиғатқа қамқорлықты дәріптеу бағытындағы бастамалар көрсетілді.
Келесі кезекте «Tasbaqa» халықаралық табиғатты қорғау қорының негізін қалаушы Юлия Цаугг сөз алып, ұйымның негізгі қызметіне тоқталды.
– Биыл алғаш рет егіс жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы алқаптарында жұмыс істей бастадық. Тасбақалар мен басқа да жануарларды қауіпсіз аймақтарға көшіреміз. Қалаларда табылған немесе заңсыз ұсталған жануарларды табиғи ортаға қайта жібереміз. Жабайы жануарлардың заңсыз айналымы мен оларды жалған емдік мақсатта пайдалану деректері бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп мониторинг жүргіземіз. Далалық сапарлар кезінде қауіп төнген аймақтарға барып, мәселенің ауқымын түсініп, нақты шешімдер қабылдауға тырысамыз.
Әкімдіктермен және профильдік құрылымдармен жүйелі түрде жұмыс жүргіземіз. Бұл мәселелер жеке бастама деңгейінде қалып қоймай, шешім қабылдау деңгейінде ескерілуі тиіс. Сонымен қатар мектеп оқушыларымен және жастармен жұмыс істейміз, түрлі конкурстар, экскурсиялар мен білім беру іс-шараларын ұйымдастырамыз. Қор айналасында жануарларды құтқаруға қатысатын және далалық жұмыстарды қолдайтын адамдар қауымдастығы қалыптасуда. Репортаждар, фильмдер мен жарияланымдар арқылы бұл тақырыптың қоғам үшін маңызды екенін көрсетуге күш саламыз. Бүгін еліміздің 9 облысынан келген жеңімпаздар марапатталады, – деді қор басшысы.
Ол сондай-ақ шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысқан Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінің ұжымына алғыс білдірді.
Сахна төрінде Юлия Цаугг байқау жеңімпаздарын марапаттап, сый-сияпат табыстады.
– Халықаралық «Tasbaqa» қоры ұйымдастырған байқау туралы әлеуметтік желілер мен білім беру ұйымдары арқылы хабардар болып, өз жобамызды ұсынып көруге шешім қабылдадық. Бұл біз үшін тәжірибе алмасуға және өз жұмысымызды көрсетуге үлкен мүмкіндік болды. Еңбегіміз еш кетпей, республика бойынша жүлделі 3-орынға қол жеткіздік. Сайыста қорғаған жобамыз ортаазиялық тасбақа туралы толық ақпарат беруге, оның табиғаттағы маңызын түсіндіруге бағытталды. 6-сынып оқитын Нұрислам Ердалыұлы мен Жазира Абибулла есімді шәкірттерім «Tasbaqa бұрышын» өз қолдарымен жасап, Қазақстан картасында тасбақаның таралу аймағын белгіледі. Түрлі макеттер мен көрнекіліктер дайындап қана қоймай, өздері кіші сыныптарға экосабақтар өткізіп, білімдерін бөлісті. Бұл жобаға қатысуымыздың басты себебі – оқушылардың экологиялық мәдениетін нақты әрекет арқылы қалыптастыру. Қазіргі таңда табиғатты қорғау мәселесі өте өзекті. Сондықтан біз тек теориямен шектелмей, оқушыларды тәжірибелік жұмыстарға тартуды жөн санадық. Жоба толықтай командалық жұмыс негізінде жүзеге асты. Оқушылар өзара міндеттерді бөлісіп, бірі карта жасаумен айналысса, енді бірі макет, сурет, ақпараттық материалдар дайындады. Бұл процесс олардың тек білімін ғана емес, командалық жұмыс, жауапкершілік және көшбасшылық дағдыларын дамытуға ықпал етті. Менің жетекшілігіммен аталған шәкірттерім бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Олар мектепте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырды. Қоқысты сұрыптау, экобұрыштар жасау, экосабақтар өткізу сияқты нақты іс-әрекеттерді қолға алды. Өз жобаларын түрлі алаңдарда қорғап, тәжірибе жинақтады. Өзім мектепте экологиялық бағыттағы жұмыстарды 2 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келемін. Осы уақыт ішінде «Экоөмір» жобасы аясында EcoTeam командасын құрып, оқушылармен бірге түрлі экологиялық бастамаларды жүзеге асырдық. Шәкірттерімімнің экологияға деген көзқарасының өзгеруі ең үлкен жетістік деп білемін. Олардың табиғатты қорғауды тек сөз жүзінде емес, күнделікті өмірде жүзеге асыра бастауы қуантады. Оқушыларды экосауатты, жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде тәрбиелеуді басты мақсатым санаймын, – деді Ақтау қаласындағы Төлеген Айбергенұлы атындағы №19 гиназияның мұғалімі Айгерім Жақияқызы.
Мінберге көтерілген Ұлыбританиядан келген эколог-маман Соксон Босворд табиғатты қорғау ісіне қалай келгенін әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл бағытқа бет бұруына 7 жасында әжесі себеп болған. Қазіргі уақытта да әжесіне барып тұратынын, оған қазақстандық тасбақалар туралы айтып беретінін жеткізді. Сонымен қатар өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға шақырып, өзі түсірген фильмді көпшілік назарына ұсынды.
Фильмнің 80 пайызы Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстау өңірінде түсірілген. Осы орайда ол маңғыстаулық мектеп оқушыларының да жүлделі орындарды иеленіп, марапаттау рәсіміне қатысып отырғанына қуанышты екенін атап өтті.
Фильм көрсетілімінен кейін салтанатты шара сұрақ-жауап кезеңімен жалғасты. Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар мен олардың жетекшілері қойған сұрақтарға шетелдік мейман жан-жақты жауап берді.
Іс-шара соңында сөз алған білім ордасының басшысы Руслан Кожамсеитов бұл басқосудың тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, қоршаған орта алдындағы жауапкершіліктің нақты көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар байқау нәтижесінде лицей оқушыларының жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, І орынды иеленуі – мектептегі экологиялық білім берудің жүйелі жүргізіліп жатқанын айқындайтынын жеткізді.
Меруерт Кабышева,
Қонаев қалалық қазақ орта мектеп-лицейі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

