Қонаев қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан «Smart Teacher Qonaev» – жасанды интеллект негізіндегі педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту жобасы аясындағы «STEAM білім беру және жасанды интеллект» тақырыбындағы кезекті ашық алаң облыс орталығындағы Д. Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінде өтті.
Іс-шарада алғашқы сөз кезегін алған Қонаев қаласы білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева ашық алаңның мақсат-міндетіне тоқталды. Одан кейін мектеп директоры Гүлдариға Жақсымбетова бүгінгі ашық алаңға жастарды жұмылдырып, жасанды интеллекттің білім ордасында қалай қолданылып жатқанын көрсетуді ниет еткендерін тілге тиек етті.
Іс-шараға қатысушылар алдымен STEAM бағытында ұйымдастырылған шығармашылық көрмені тамашалады. Одан әрі жалғасын тапқан семинарда бағдарлама бойынша алдын ала дайындалған QR-кодты сканерлеп, топтарға бөлініп, белгіленген бағыттар бойынша Қуат Байтұрсынов, Малика Ережеп, Диана Құттыбек, Әлия Оман, Гүлмайра Сағынаева сынды мектеп мұғалімдерінің жаңашыл идеялары мен оқушылардың ізденіс нәтижелеріне куә болды.
Одан кейін мектеп ұстаздары дайындаған шеберлік сыныптарға қатысып, ашық сабақтарға куә болды. Ғылым мен білімнің үндестігін дәріптеген шарада мектептегі жалынды жас маманның бірі Гүлмайра Сағынаеваның заманауи технологияларды пайдалана отырып өткізген сабағын қаланың әр мектебінен келген педагогтер жоғары бағалағанын атап өткен жөн.
– Бүгінде білім беру саласын жетілдіруде цифрлық платформалар ерекше рөл атқарады. Сондықтан білім мен ғылым дәуірінде өскелең ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу үшін ең алдымен мұғалімнің өзі заманауи технологияларды тиімді қолдана алуы қажет. «Smart Teacher Qonaev» жобасы аясында ұйымдастырылған «STEAM білім беру және жасанды интеллект» атты ашық алаңда мен де заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз сабағымды өткізіп, тәжірибеммен бөлістім. Заманауи платформаларды толық меңгере қоймасам да, сабақ барысында оқу үдерісін жандандыратын құралдарды тиімді қолдануға тырысып жүрмін. Осы жолы тапсырмаларды жасанды интеллекттің көмегімен түрлі әдістер арқылы құрастырдым.
Менің ойымша, сабақта цифрлық платформалар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін орынды қолдану оқушылардың тақырыпты терең меңгеруіне септігін тигізеді. Мәселен, вайбкодинг тәсілі арқылы интернетпен де, интернетсіз де жұмыс істейтін оқу ойындарын дайындасам, Zapworks платформасын пайдаланып, жұптық жұмыс ұйымдастырдым. Ойын арқылы оқыту әдісі балалардың сабаққа деген ынтасын арттырды. Сондықтан тақырыпқа байланысты ойын түріндегі тапсырмалар ұсындым. Ойын элементтері арқылы оқушылар тек тапсырманы орындап қана қоймай, тақырып мазмұнын қызығушылықпен меңгереді. Тез шешім қабылдауға, алған білімін қолдануға дағдыланады. Заманауи платформаларды сабақта қолдану оқушылардың белсенділігін күшейтіп, сабаққа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге өзімнің де цифрлық білімімді шыңдай түсуге септігін тигізуде. Қаланың әр мектебінен келген әріптестерім өз пікірлерін білдіріп, сабақты жоғары бағалады. Бұл мен үшін үлкен қолдау болып, көкейіме сенімділік ұялатты, – деп ағынан жарылды жас маман Гүлмайра Рүстемқызы.
Балнұр Исахова мен Салтанат Бегімбетова STEAM форматындағы практикалық сабақ өткізсе, кері байланыс алу кезеңінде Ақмарал Елеусіз, Айгүл Әшірбек, Бақыт Манира, Әсем Бижанова қонақтарды жасанды интеллект түрлерімен таныстырды.
Жаңа идеялар мен озық тәжірибелердің тоғысқан алаңы болған басқосудың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысып жүрген мектеп директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Досанбаева білім – ұлт болашағының берік іргетасы болса, STEAM мен жасанды интеллект сол іргетасты нығайтатын заманауи құрал екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз», – деген болатын. Президент тапсырмасын орындау бағытында Д. Қонаев атындағы қазақ орта мектебінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – «EduAI» педагогикалық жобасы. Жоба аясында мұғалімдерге жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша тренингтер, практикалық семинарлар, ашық сабақтар өткізіледі. Сонымен бірге дарынды оқушылардың қабілетін тереңдету мақсатындағы «STEAM-сағат» мектепішілік шарасы кем дегенде айына бір мәрте ұйымдастырылады, – дейді Салтанат Серікқазықызы.
Ашық алаңның мәресіне жетер тұста меймандар осы мазмұнды шара барысында өздері тамашалаған көрме, қатысқан ашық сабақ пен шеберлік сыныптардан алған әсерлерімен бөлісіп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Аян Қонаров

