«Заң мен Тәртіп» аясында құқықтық көмек көрсетілді

Қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қонаев қаласында прокуратураның бастамасымен «Құқықтық дәріхана» жобасы өтті.

Аталған жоба халыққа құқықтық көмекті қолжетімді етуді көздейді. Оның басты ерекшелігі – тұрғындар алдын ала жазылусыз-ақ заңгерлерден кеңес ала алады. Яғни кез келген азамат күнделікті өмірде кездесетін мәселелері бойынша сол жерде жауап алу мүмкіндігіне ие.

Кездесу қаладағы «Qonaev City» сауда үйінде ұйымдастырылды. Қоғамдық кеңістікте өткізілген шара тұрғындарға ыңғайлы форматта өтіп, келушілердің еркін қатысуына жағдай жасалды.

Іс-шара барысында мамандар әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй қатынастары, отбасы құқығы, еңбек даулары және тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері бойынша кеңес берді. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты құқықтық түсіндіру алды.

Қонаев қаласының прокуроры Жәнібек Жақаевтың айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру, күнделікті өмірде туындайтын мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсету. Сонымен қатар, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыру да маңызды.

Шараға қатысқан қала тұрғыны Айдос Байтілеуов мұндай бастаманың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, құқықтық кеңесті осындай ашық алаңда алу – халық үшін қолайлы. «Еңбекке қатысты сұрағым бар еді, нақты жауап алдым. Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса, көп адамға пайдасы тиер еді», – деді ол.

«Құқықтық дәріхана» жобасы тұрғындардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуді көздейді. Мұндай форматтағы жұмыстар құқықтық көмекті қолжетімді етіп, азаматтардың өз құқықтарын қорғауына нақты мүмкіндік береді.

​​​​​​​​​Ерлік Кебекбай

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke