Қонаев қаласында инклюзивті ортаның қалыптасуы – соңғы уақытта жиі көтеріліп жүрген маңызды мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, инклюзия тек мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаумен шектелмейді. Ол – барлық азаматқа тең мүмкіндік беруді, кедергісіз орта қалыптастыруды көздейтін кешенді ұғым.
Осы тұрғыдан алғанда, Қонаевта атқарылып жатқан жұмыстар да, шешімін күткен мәселелер де қатар байқалады. Қалада әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу бағытында белгілі бір ілгерілеу бар. Мемлекеттік мекемелер мен бірқатар қоғамдық орындарда пандустар орнатылып, арнайы белгілер қойылған. Дегенмен, бұл жұмыстарды толық аяқталды деп айтуға ерте. Қаладағы барлық ғимараттар мен көшелер бірдей қолжетімді емес. Кейбір пандустар талапқа сай келмейді немесе мүлде қарастырылмаған. Қоғамдық көліктердің басым бөлігі де ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімделмеген.
Осы бағыттағы жұмыстар туралы Қонаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ельжаз Лепесбаев айтып берді.
«Қонаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірінші міндеті халықтың әлеуметтік жағдайын және өмір сүру сапасын арттыруға тікелей бағытталады. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарға мониторинг жүргізіліп, қала бойынша 109 әлеуметтік маңызы бар нысанның тізімі интерактивті қолжетімділік картасы порталына енгізілді. Сонымен қатар қосымша бейімдеуге жататын нысандардың тізімі қоғамдық ұйымдарымен келісіліп, қала әкімімен бекітілді. Мүгедектердің инфрақұрылымдарға қолжетімділігін толық қамтамасыз ету үшін заң талаптарына сәйкес 6 аймақ болып бекітілген. Олар: «Кірме тобы», «Қозғалыс жолдары», «Қызмет көрсетілетін аймақ», «Санитарлық-тұрмыстық орынжайлар», «Ақпарат және телекоммуникация құралдары», «Объектілердің аумағы» деп аталады».
Пандустар мен жалпы қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігіне қатысты бөлім басшысы мәселенің бар екенін жасырмайды.
«Қонаевта пандустар мүлде жоқ деп айту қате — олар бар. Бірақ мәселе санында емес, жүйелілігінде екені де басты назарда. Қаладағы тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдары қоларба пайдаланушылар үшін қолжетімділікті бақылауды қатаң назарда ұстап келеміз. Қоғамдық көліктерге келер болсақ, қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдарға арналған көліктер бейімделмеген десе де болады. Алайда, алдағы уақытта бейімделген қоғамдық көліктерді, яғни автобустарды сатып алу мердігер компанияның жоспарында бар. Ал қала аумағындағы мемлекеттік мекемелер — аурухана, ХҚКО, әкімдік — мүгедектігі бар адамдар үшін толық қолжетімділік жасап отыр. Мүгедектігі бар азаматтар жиі баратын қоғамдық орындар мен мекемелерде арнайы белгілер мен ақпарат, яғни Брайль қарпі, дыбыстық бағдаршамдар, тактильді жолдар жеткілікті деңгейде орнатылған. Қажет болған жағдайда бірге сүйемелдеу қажет кезде міндетті түрде көмек көрсетіледі».
Әлеуметтік қызметтер мен арнайы орталықтар жұмысы туралы да кеңінен тоқталды.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер стационар жағдайында, жартылай стационар жағдайында және үйде күтім жасау форматында көрсетіледі. Құжаттарды рәсімдеу осы бағыттардың әрқайсысы бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар «Отбасын қолдау орталығы» арқылы аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайға түскен отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық кеңес беру, жұмысқа бейімдеу, әйелдер мен балаларға қатысты қызметтер көрсетіледі. Отбасының цифрлық картасынан жүктелген «Е» және «Д» санатындағы тізімдерге сәйкес жұмыстар жүргізіліп отырылады.
Қалада үкіметтік емес ұйымдар да белсенді қызмет атқарады. «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігі 2016 жылдан бері жұмыс істейді, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетеді. «Қапшағай Самға» бірлестігі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді, 2017 жылы церебральды сал ауруына арналған күндізгі оңалту орталығын ашты. Орталық 45 балаға арналған, оның ішінде 35 бала тұрақты түрде ем алып жатыр. Мұнда балалардың денсаулығын нығайту, моторикалық және коммуникативтік дағдыларын дамыту, әлеуметтік бейімделу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі.
«Алтын бала» қоғамдық қоры 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда түрлі психоневрологиялық диагнозы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кешенді қызмет көрсетіледі. «Мейірім» күндізгі болу орталығы 2024 жылдың қараша айынан бері жұмыс істейді. Мұнда аутизм және басқа да диагнозы бар балаларға арналған түзету сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің Қонаев қаласындағы филиалы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және қолдау бағытында жұмыс жүргізіп келеді».
Жоғарыдағы атаулы көмектер мен жасалынып жатқан әрекеттер саны аз емес екені белгілі болды, дегенмен Қонаев қаласында инклюзивті орта қалыптасу кезеңіне енді аяқ басты деуге болады. . Белгілі бір оң өзгерістер бар, алайда толыққанды инклюзияға қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет сапасын арттыру және қоғамның санасын өзгерту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуы тиіс.
Шолпан Аралқызы

