Бұл жолы тазалық жұмыстары Солтүстік жағажайда және Рауан ықшамауданындағы жағажайда жүргізілді. Сонымен қатар демалыс аймақтары шомылу маусымына дайындық мақсатында ретке келтірілді. Сенбілікке барлығы 1479 адам қатысты.
Қатысушылар жағалау бойында шашылып жатқан пластик бөтелкелерді, тағам қалдықтарын, полиэтилен пакеттерін және өзге де тұрмыстық қоқыстарды жинады. Нәтижесінде 17 тонна қалдық шығарылып, жұмысқа 13 арнайы техника жұмылдырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – тек аумақтың тазалығын сақтау емес, сонымен қатар тұрғындар мен қала қонақтарының экологиялық мәдениетін арттыру.
Жалпы үш күнге созылған «Тазалық күндері» акциясы барысында Көшпенділер қалашығы, Алматы–Өскемен тас жолы, Тамғалы тас аумағы, жағажайлар мен басқа да демалыс орындары тазартылды. Науқанға 2119 адам қатысып, 21,8 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Сондай-ақ 1370 ағаш отырғызылып, 19 техника тартылды.




