Жасанды интеллект – бүгінгі қоғам дамуының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналған стратегиялық бағыт. Әлем елдері цифрлық технологияларды түрлі салаға батыл енгізіп жатқан кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектті дамытуға қатысты бастамалары мен нақты тапсырмалары уақыт талабынан туындаған маңызды шешім деп санаймын. Жуырда Президенттің жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне енгізу шаралары туралы Жарлыққа қол қоюы – еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадам.Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз етіп, адами капиталды дамытуға үлес қосатын заманауи әрі инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру. Бұл бастама білім беру саласын жаңғыртып, сонымен қатар ғылым мен технологияның қарқынды дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға кең жол ашады.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде цифрлық платформалар мен заманауи технологияларды қолдану ерекше маңызға ие. Заманауи технологияларды меңгерген мұғалім ғана жаңа буын оқушыларына сапалы білім бере алады. Сондықтан білім беру ұйымдарында жасанды интеллект құралдарын, интерактивті платформаларды және цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты қажеттілігі.
Бүгінде Қонаев қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан «Smart Teacher Qonaev» жобасы аясында барлық білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аталған жоба педагогтердің кәсіби дамуына, инновациялық технологияларды тәжірибеде қолдануына және білім беру сапасын арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Жоба шеңберінде мұғалімдерге арналған семинарлар, тәжірибе алмасу алаңдары, ашық сабақтар мен практикалық тренингтер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Әсіресе педагогтердің жасанды интеллект құралдарын сабақ барысында тиімді қолдануы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, оқу үдерісін жандандыруға оң әсерін тигізуде. Бүгінде мұғалімдер түрлі цифрлық платформаларды пайдалану арқылы тапсырмаларды саралап әзірлеп, оқушылардың білім деңгейін анықтауға, олардың жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарды белсенді қолға алуда. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттырумен қатар, болашақта бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге негіз болады.
Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді игеру – тек білім беру саласының ғана емес, тұтас ел болашағының маңызды кепілі.
Назым ИСАЕВА,
Қонаев қаласы әдістемелік орталығының бөлім басшысы

