Алматы облысы «Қымызмұрындық-2026» фестивалінде 35 мыңға жуық қонақ қабылдауға дайын

Алматы облысында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі «Қымызмұрындық-2026» фестивалі өтеді. Ауқымды мәдени-көпшілік шараға алыс-жақын шетелден келетін меймандарды қосқанда, 35 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Фестиваль дәстүр бойынша Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында ұйымдастырылады. Биылғы шара маусым айының соңғы сенбісі — 27 маусым күні өтеді.
Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебеков фестивальдің негізгі мақсаты ұлттық мұраны насихаттау ғана емес, өңір туризмін дамыту екенін атап өтті.
«Қымызмұрындық» фестивалі биыл «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен үндеседі. Басты мақсат — Қарқараның көркем табиғатын сақтай отырып, этнотуризмді дамыту, өңірге келетін туристердің қызығушылығын арттыру және жергілікті экономикаға серпін беру. Бұл — ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртатын, халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени алаң», — деді Төлеген Кенжебеков.
Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиевтің айтуынша, биылғы фестиваль бағдарламасы мазмұндық жағынан бұрынғыдан да ауқымды болмақ.
«Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, этноауыл тігіледі. Көрермендерге ашық аспан астындағы театрландырылған қойылымдар ұсынылады. Сонымен қатар ерекше форматтағы концерттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттайтын мазмұнды шара өтеді деп сенеміз», — деді Әнуар Үмбеталиев.
«Қымызмұрындық» — жазғы жайлауға көшкеннен кейін алғашқы қымыздың дайындалуына байланысты өткізілетін көне дәстүрлі мереке. Бұл ғұрып қазақ халқының қонақжайлығы мен табиғатқа деген құрметін айшықтайды.
Фестиваль Қарқара жайлауында бұған дейін төрт рет өткізілген. Өткен жылы шараға 8 мыңнан астам қонақ қатысып, 40 киіз үй тігілген. Сондай-ақ 250-ден астам шағын және орта бизнес өкілі тартылған.
Ал биыл ұйымдастырушылар фестиваль аумағында 80-нен астам киіз үй тігіледі.
Шараға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстанның Қарақалпақстан Республикасы және өзге де елдердің өкілдері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің мүшелері, спортшылар, блогерлер мен БАҚ өкілдері шақырылған.
Фестиваль бағдарламасында ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлері кеңінен қамтылады. Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қой көтеру сынды жарыстар өтеді. Сондай-ақ «ТОПЖАРҒАН» этно-өнер орталығының шоуы, «ТОЛАҒАЙ» өнер орталығының қойылымдары және белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады.
Жастар үшін алтыбақан, қол күрес, арқан тарту және түрлі ұлттық ойындар қарастырылған. Балаларға арнайы киіз үйлер тігіліп, қуыршақ театры, сурет салу, қолөнер, шахмат, тоғызқұмалақ жарыстары мен ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі, жәрмеңкелер мен аукциондар өткізу жоспарланып отыр.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke