Қонаев қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Жобаның басты мақсаты – қаладағы ескірген су, жылу, электр және кәріз жүйелерін толық жаңарту. Бүгінде Қонаевта коммуналдық желілердің тозуы өзекті мәселеге айналған. Әсіресе, кәріз жүйесіндегі жиі апаттар тұрғындарға қолайсыздық туғызуда. Жуырда Қонаев көшесі мен ХҚКО маңында болған апаттардан кейін әкімдік инженерлік желілерді мерзімінен бұрын ауыстыру туралы шешім қабылдады.Қала әкімінің орынбасары Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, қазіргі кәріз құбырлары 58 жыл бұрын салынған. Бұған дейін оларды жаңарту 2027 жылға жоспарланған еді. Алайда соңғы апаттарға байланысты жоба жеделдетіліп, құрылыс жұмыстары 2026 жылға ауыстырылды. Нәтижесінде ұзындығы 6 шақырымнан асатын кәріз желісі толық жаңғыртылады. Жалпы ұлттық жоба аясында Қонаев қаласы бойынша 9 инфрақұрылымдық жоба іске асады. Оның ішінде 5 жоба 2026 жылы, тағы 4 жоба 2027 жылы жүзеге асырылады. Қорытындысында қаладағы 67 шақырым инженерлік желі жаңартылады. Қазіргі таңда Алматы және Сейфуллин көшелеріндегі ауызсу желілерін қайта жаңарту бойынша конкурс жарияланған. Сонымен қатар жылу жүйесін модернизациялау бойынша екі ірі жоба дайындық кезеңінде тұр. Электр желілерін жаңарту жобасы да толық әзірленген.
Қалада кәріз-сорғы станцияларын жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Барлығы 11 нысан кезең-кезеңімен жөнделеді. Қазір екі станцияда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жүйенің сенімділігін арттырып, коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қонаевтағы тағы бір маңызды мәселе – кәріз-тазарту нысандарының әбден тозуы. Мамандардың мәліметінше, қазіргі тазарту жүйесінің тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Осыған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа кәріз-тазарту кешені салынып жатыр. Жаңа нысан қаладан 20 шақырым жерде орналасады. Жобаның жалпы құны – 33 млрд теңге. Кешен тәулігіне 25 мың текше метр суды тазартуға қауқарлы болады. Болашақта оның қуатын 31 мың текше метрге дейін арттыру көзделген. Құрылыс алаңында қазірдің өзінде жер жұмыстары басталып, инженерлік инфрақұрылым тартылуда.
Жоба аясында қысымды кәріз құбырлары, сорғы станциялары, электр желілері, газ құбыры және байланыс желілері салынады. Сонымен қатар тазартылған суға арналған арнайы жинақтаушы тоған бой көтереді. Құрылысты 2027 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар қаладағы апаттардың алдын алып қана қоймай, мен жылу шығынын азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қонаев қаласының қарқынды дамуын ескерсек, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудың стратегиялық маңызы зор. Бұл жұмыстар жаңа тұрғын үйлер салуға, инвестиция тартуға және қаланың тұрақты дамуына негіз болмақ.
Шолпан Аралқызы

