Бұдан 11 жыл бұрын табалдырығын имене аттап, білім нәрімен сусындаған алтын ұяммен қоштасар сәт те келіп жетті. Болашағымның іргетасы қаланған білім ордасын «Алтын белгі» үміткері ретінде аяқтап отырғанымды өзім үшін үлкен жетістік, мектебім үшін зор мәртебе деп білемін.
Былтырғы соңғы қоңырау салтанатында «Алтын белгі» үміткері болған мектеп бітіруші Аружан Амангелді жас түлектер атынан «Білім кілтін» маған табыстап, оны білімнің белгісі ретінде биікте ұстауды аманат еткен еді. Сол сәтте болашақ түлектерге үлгі болып, алтын ұямыздың сенімін ақтауға уәде берген болатынмын. Қазіргі сәтте сол уәденің үдесінен шыға алғаныма сенер-сенбесімді білмей, толқыныс пен тебіреніске толы ерекше күй кешіп тұрмын.
Былтырғы түлектің аманатына адал болып, уәдемді орындауыма сүбелі үлес қосқан ұстаздарыма алғысым шексіз. Әсіресе ғылымға деген қызығушылығымды оятқан алғашқы ұстазым Айымбала Долановнаға ерекше құрмет білдіремін.
Айымбала апай қолыма қалам ұстатып, әріп танытып, жазу-сызуды меңгертті. Екінші сыныптан бастап түрлі байқауларға қатыстырып, көпшілік алдында еркін сөйлеуге баулыды. Бүгінгі жеткен жетістіктеріме бірден-бір себепкер болған жан десем артық емес. Сондықтан Айымбала Доланова жүрегімнің түкпірінен ерекше орын алған ұстаз.
Орта және жоғары сыныптардағы жетекшілерім Арайлым Маханова мен Әсел Керімқұлованың да қамқорлығы ерекше болды. Олар әрдайым қолдау білдіріп, жігерімді жанып, ізденіске жетелеп отырды. Сонымен қатар облыстық пән олимпиадаларында топ жарып, «Шерхан Мұртаза мұрасы» ғылыми жобасы бойынша І орын иеленуіме, «Қалалық үздік дебатер – 2025» байқауында ІІ орын алып, «Үздік дебатер» атағын жеңіп алуыма және басқа да түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болуыма Гайния Мақсутқызы, Ләйла Асылханқызы және Назерке Жомартқызы сынды жетекшілерімнің қосқан үлесі зор.
Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған сәтте алдыма қойған ең үлкен мақсатым – қаржыгер мамандығын меңгеру. Сол себепті ҰБТ-да география-математика бағытын таңдадым. Болашақта анамның бизнес саласындағы жолын жалғастырғым келеді.
ҰБТ қарсаңында қобалжу мен уайымның болуы – қалыпты жағдай. Дегенмен әрдайым тілеуімді тілеп, жанымнан табылатын ата-анамның және болашағыма нық қадам жасауға бағыт-бағдар беріп жүрген сүйікті ұстаздарымның қолдауы маған үлкен күш береді.
11 жыл білім нәрімен сусындаған мектебіммен қоштасар сәт жақындаған сайын көңілімде қуанышпен қатар қимастық сезімі де арта түсуде. Мектеп мен үшін тек білім ордасы ғана емес, балалық шағымның ең жарқын естеліктері қалған ыстық мекен. Осында білім алдым, достар таптым, жетістікке жеттім, тәжірибе жинадым.
Алдағы уақытта да ұстаздарым мен ата-анамның сенімін ақтап, алған білімімді ел игілігіне жұмсауға тырысамын.
Еркежан ҚАҚЫМЖАН,
Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің
11 «Ә» сынып оқушысы

