Қазақтың жыршылық, термешілік өнері – ұлттың рухани жадын, тарихы мен дүниетанымын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан асыл мұралардың бірі. Домбыраның қоңыр үнімен астасқан жыр мен терме халқымыздың тағдырын, танымын, өмірлік ұстанымы мен тәрбиесін бойына сіңірген рухани қазына саналады. Бүгінде сол киелі өнерді жас буынға насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Алматы облысында өткен «Дәстүрлі өнер – ұлт мұрасы» атты рухани кеш осы игі бастамалардың жарқын көрінісіне айналды.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, Қонаев қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қарамағындағы Шеңгелді ауылдық мәдениет үйі жанынан ашылған «Қабан-жырау» атындағы жыршы-термешілер мектебінің 2025–2026 оқу жылына арналған есеп беру концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Академиялық тыңдалым форматында өткен кеш бір жыл бойы тәлім алған шәкірттердің өнерін саралайтын маңызды мәдени алаңға айналды.
Іс-шараның басты мақсаты – дәстүрлі өнерге бейімі бар жас таланттарды анықтап, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдау, жыршылық пен термешілік өнерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген құрметін арттыру. Сонымен қатар жоба ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықты жалғастырып, қазақтың жыршылық мектебінің өміршеңдігін насихаттауды көздейді.
Кештің шымылдығы қасиетті жыр өнерімен ашылып, алғашқы құттықтау сөз «Қабан-жырау» атындағы жыр-терме мектебінің жетекшісі, Қонаев қаласының Құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі Райымбек Қанатұлы Медеубаевқа берілді. Ол өз сөзінде жыршылық пен термешілік өнердің ұлт руханиятындағы орны айрықша екенін айтып, жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
– Жыр мен терме – қазақтың рухани тамыры. Бұл өнердің үзілмеуі – баршамызға ортақ міндет. Біздің мақсат – домбыраның қасиетті үнін, жырдың тағылымын жас ұрпаққа жеткізу, – деді ол.
Кеш барысында Ақан серінің әйгілі «Балқадиша» әнін Райымбек Медеубаев, Әліхан Керімхан және Жанболат Алиев үш дауыста орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Әліхан Керімхан«Райымбек батыр», Бекасыл Жапар «Алпамыс батыр» жырларынан үзінді орындаса, Ақерке Марат, Айша Қайрат, Айсана Жантас, Амерлан Айдар, Жанболат Алиев, Райымбек Қайсар және Сағиду Ернұр халық әндері мен Кенен Әзірбаев, Көдек Байшығанұлы, Бақтыбай ақын шығармаларынан термелер орындап, кештің мазмұнын байыта түсті. Жас орындаушылардың сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Кеш соңында Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының жыр-терме бөлімінің үйлестіруші маманы Сүйіндік Серік Айтбайұлы арнайы пікір білдіріп, «Қабан-жырау» мектебінің атқарып отырған жұмысына жоғары бағасын берді.
Ол дәстүрлі өнерді дамыту жолында Райымбек Медеубаевтың еңбегі зор екенін атап өтіп, мұндай академиялық тыңдалымдардың жас таланттарды шыңдаудағы маңызы ерекше екенін айтты.
Сонымен қатар жоба алдағы уақытта тек Шеңгелді ауылымен шектелмей, облысқа қарасты аудандық мәдениет үйлері жанындағы айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер даярлау орталықтарының қатысуымен жалғасатыны белгілі болды. Әр өңірдегі үйірме шәкірттері академиялық тыңдалым форматында өнер көрсетіп, үздік өнерпаздар іріктелмек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба қорытындысы ретінде «Ұстаз бен шәкірт үйлесімі» атты ауқымды гала-концерт өткізу жоспарланып отыр. Қонаев қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін қорытынды кеште облыс көлеміндегі үздік шәкірттер мен жетекшілер бас қосады деп күтілуде.
Шолпан АРАЛҚЫЗЫ

