Медицинаға қызығатын оқушылар ауруханажұмысымен танысты

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында жоғары сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру іс-шарасы өтті. Ел көлемінде алғаш рет пилоттық жоба ретінде қолға алынған бастама болашақта медицина саласын таңдауға ниетті жастарға дәрігер мамандығының қыр-сырын таныстыруға бағытталған.

Іс-шара барысында дәрігерлер талапкерлерге төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету, кенеттен сырқаттанған адамға жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Атап айтқанда, зардап шегушінің жағдайын анықтау, тыныс алуын тексеру, көмек шақыру, қан кетуді тоқтату, жасанды тыныс алдыру секілді маңызды дағдылар үйретілді. Оқушылар арнайы манекендер арқылы алғашқы көмек көрсетіп көріп, тәжірибелік тапсырмалар орындады. Сонымен қатар дәрігерлер медицина саласының ерекшеліктері туралы айтып, оқушылар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, екі кезеңнен тұратын жоба алдағы уақытта облыстағы барлық медициналық ұйымдарда жалғасады.
– Бүгін Қонаев қаласында жоғары сынып оқушыларына арналған екі сатыдан тұратын іс-шара бастау алды. Бұл – республика көлемінде алғаш рет қолға алынған пилоттық жоба. Мұндай кездесулер мектеп директорларымен бірлесіп, облыстағы әрбір медициналық ұйымда өтеді. Сабақтардың мақсаты – оқушыларды ерте жастан медицина саласына бейімдеп, өмірлік маңызды дағдыларды үйрету. Болашақта дәрігер мамандығын таңдауға ниетті жастар сала ардагерлерімен, тәжірибелі мамандармен кездесіп, олардың еңбек жолымен танысады. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде түрлі оқыс жағдайларда алғашқы көмек көрсету тәсілдерін меңгереді, – деді басқарма басшысы.

Іс-шараға қатысқан Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектептің 10 сынып оқушысы Никита Недавний мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.
– Осындай іс-шаралар тек оқушыларға ғана емес, ересектерге де қажет деп ойлаймын. Бізге төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Манекенге алғашқы көмек көрсетіп көрдік. Бұл оңай емес екен, бірақ өте пайдалы тәжірибе болды. Барлығы өте түсінікті әрі қызықты өтті. Болашақта медицина саласын таңдағым келеді, мүмкін тіс дәрігері болатын шығармын, – дейді оқушы.

Шара соңында оқушылар қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде болып, дәрігерлердің, орта және кіші медициналық қызметкерлердің күнделікті жұмысымен танысты. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің мамандық таңдаудағы бағытын айқындап қана қоймай, адам өмірін сақтап қалуға қажетті алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.

​​​​​​​​​НазеркеИнақынова

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke