ҚОҢЫРАУ ҮНІ  ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕДІ 

Әрбір бозбала мен бойжеткеннің өмірінде есте қаларлық сәттің бірі – алғаш әріп танып, білім нәрімен сусындаған мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу. Осы орайда «Білімім- Отаныма!» атты салтанатты жиын А. Жұбанов атындағы №5 орта мектептің Тұрсын Қарасартова,  Юлия Зуева,  Анель Әубәкірова сынды білім мен тәрбиені қатар ұштастырған тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған түлектер үшін балалық шақтан үлкен өмірге қадам басудың арасындағы алтын көпір іспеттес болғаны анық.  Оған тарыдай болып табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған мектебі күрделі жөндеуге байланысты уақытша жабылса да, осынау ерекше күні олардың болмысындағы ішкі сезімдер арпалысы, қимастық, алтын ұя қабырғасындағы қызығы мол болған кездерге деген сағыныштың бәрі өзгеріссіз қалып отырғаны дәлел бола алады. 

Биылғы бітіруші түлектер мен сынып жетекшілерін ортаға шерулетіп  шығуымен басталған салтанаттышарада әр баланың тағдырына шын жанашыр бола білген  мектеп  директоры Мақпал Байжанова ақжолтай тілегін жеткізді. 

– Бүгін – мектебіміз үшін ерекше күн. Тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, түлектер  үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Бұл – қуаныш пен толғанысқа, үміт пен сенімге толы сәт. Сіздер мектеп қабырғасында тек білім алып қана қоймай, өмірдің маңызды құндылықтарын үйрендіңіздер. Биылғы оқу жылының басты ұраны –  «Білімім – Отаныма!». Бұл – әрбір жас ұрпақтың жүрегінде болуы тиіс қасиетті ұстаным. Алдарыңызда маңызды кезең – мемлекеттік емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тестілеу тұр. Бұл – өмір жолындағы алғашқы үлкен сынақтың бірі. Осы сынақтан  абыроймен өтіп, армандаған мамандықтарыңыздың иесі болыңыздар! Әрқайсыңыз ел болашағына үлес қосатын білімді де бәсекеге қабілетті азамат боласыздар деп сенемін. Бүгінгі түлектердің  жетістіктері – ата-аналардың  бірлескен еңбектеріңіздің жемісі, – деген Мақпал Төлеуханқызы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буыны саналатын түлектерге  үлкен сенім артатынын тілге тиек етті. 

Мектеп жолы – жай ғана өткен жылдар емес, – тұтас бір өмір. Сол жолда ұядан қанат қаққалы тұрған түлектердіңмектеп табалдырығын аттаған сәттен бүгінге дейін жанынан табылып, оларға тірек, бағыт беруші әрі сенімді дос бола білген алғашқы ұстаздары мен орта және жоғарғы буындағы сынып жетекшілері  Вера Шереметова, Сәуле  Нұржанова,  Наталья Шевцова,  Тұрсын Қарасартова, Юлия Зуева,  Анель Әубәкірова жүрек түкпірінеон шыққан жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар мектеп бітірушілердің ата-аналары Олеся Глушкова, Ольга Ионичева Надежда, Ли сөз алып, үлекен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерде сәттілік тілеп, олардың сапалы білім мен тағылымды тәрбие алу жолында  аянбай еңбек еткен  мектептің педагогикалық ұжымына риясыз алғыс айтты.

Келесі кезекте жүректері лүпіл қағып, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласып, кеудесін шаттық кернеген мектеп мақтаныштары, «Алтын белгігіден» үміткер Салтанат, Мұратова, Ләйла Оралбаева, Павл Ким және «Үздік аттастат» иесі атанудан үмітті Дильназ Ныгмеджанова үлкен өмір жолына бастар  алғашқы қадам өз білім ордаларынан  бастау алмақ екендігін айтып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөліп, өздерін  талапты, білімді азамат боп қалыптасуымызға жағдай жасаған ұстаздар қауымы мен ата-аналарға  барша түлектер атынан алғыс сезімін  білдірді.  

Мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға кезінде мектептің өнерпаз оқушылары кілем төселген алаңды бимен көркемдеп, түлектердің алтын ұяларымен қоштасу кезіндегі жүрек дүрсілдерінің үндерімен қабаттаса асқақтата ән шырқап, олардың көкіректеріндегі көңіл толқынын тербеткендей әсер қалдырды. Сондай-ақ мектеп бітіруші жігіттер мен қыздардың әдемі әуеннің ырғағымен, жұптаса отырып, дөңгелене билеген қоштасу вальсі салтанатты шараның ең бір жүректі тербейтін сәті болды десек, артық айтқандық болмас.

Кең көлемде ұйымдастырылған салтанатты жиын бітіруші күміс қоңыраудың сыңғырлата соғуымен өз мәресіне жетті. 

Алима САЯПОЛДАЙ, 

А. Жұбанов атындағы №5 орта 

мектеп директорының тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke