Алкогольге тәуелділік көбіне аяқ астынан пайда болмайды. Көп жағдайда бәрі «ара-тұра ішуден» басталып, уақыт өте келе адамның денсаулығына, мінез-құлқына, отбасындағы қарым-қатынасына әсер ете бастайды. Дәрігерлер соңғы кезде мұндай мәселемен маман көмегіне жүгінетін жастардың да көбейіп отырғанын айтады. Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының Наркология әйелдер бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-нарколог Дамысбек ГулшашДамысбековна алкогольге тәуелділіктің алғашқы белгілері, алдын алу жолдары және емдеу тәсілдері туралы айтып берді.
– Гулшаш Дамысбековна, бүгінде Алматы облысында алкогольге тәуелділіктің алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Алкоголизм – спирттік ішімдіктерді шамадан тыс әрі жиі қолдану салдарынан дамитын созылмалы ауру. Бұл тек жаман әдет емес, адамның физикалық және психикалық денсаулығына әсер ететін дерт. Ол уақыт өте келе еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне, отбасылық қарым-қатынастың бұзылуына және әлеуметтік қиындықтарға алып келеді.
Алкоголизм көбіне тұрмыстық ішімдіктен басталады. Яғни адам алғашында тек мереке, демалыс немесе достар ортасында ішімдік ішеді. Бірақ уақыт өте келе оған деген тәуелділік қалыптасуы мүмкін.
Алматы облысында алкогольге тәуелділіктің алдын алу бағытындағы жұмыстар бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде аудандық наркологтар науқастарды есепке алып, қажет болған жағдайда стационарлық емге жолдайды. Сонымен қатар учаскелік полиция қызметкерлері де бақылау жұмыстарын жүргізеді. Егер туыстары тарапынан шағым түссе, науқас сот шешімімен мәжбүрлі емге жіберілуі мүмкін.
Екінші кезеңде Облыстық психикалық денсаулық орталығы жанындағы оңалту бөлімінде кешенді жұмыстар жүргізіледі. Мұнда психотерапия, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыка терапиясы, әлеуметтік бейімдеу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар науқастармен жеке және топтық психологиялық жұмыстар өткізіліп, олардың туыстарымен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Орталықта «12 қадам» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізіліп, концерттер, спорттық жарыстар, пікірталастар секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұның бәрі адамның қоғамға қайта бейімделуіне көмектеседі.
Үшінші кезеңде емделіп шыққан азаматтар тұрғылықты жері бойынша наркологтың динамикалық бақылауында болады. Сонымен қатар «Анонимді алкоголиктер», «Жылы Азия» секілді қоғамдық ұйымдар психологиялық және моральдық қолдау көрсетеді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Алматы облысында «Алкоголь қолданудан туындаған психика және мінез-құлық бұзылыстары. Тәуелділік синдромы» диагнозымен 2024 жылы 2613 адам, 2025 жылы 2506 адам, ал 2026 жылы 2404 адам есепте тұрған. Оның ішінде жасөспірімдер де бар.
– Жасөспірімдер мен жастар арасында алкогольге әуестік қаншалықты өзекті?
– Өкінішке қарай, бұл мәселе жастар арасында да кездеседі. Алкогольге тәуелділіктің қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында тұқымқуалаушылық, отбасындағы түсініспеушіліктер, ата-ана бақылауының әлсіреуі, достар ортасының ықпалы, психологиялық күйзеліс, жалғыздық және әлеуметтік желілердің әсері бар.
Кей жағдайда жастар алкогольді «ересек өмірдің белгісі» ретінде қабылдайды. Бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы мен ішімдіктің қолжетімді болуы да тәуелділік қаупін арттырады. Сондықтан ерте профилактика өте маңызды.
Бүгінде Облыстық психикалық денсаулық орталығы мамандары мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жасөспірімдер арасында конференциялар, кездесулер, санитариялық-ағарту іс-шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар полиция қызметкерлері түнгі рейдтер өткізіп, жасөспірімдерді бақылау шараларын жүргізеді.
– Алкогольге тәуелділіктің алғашқы белгілері қандай?
– Алкогольге тәуелділік бірден қалыптаспайды. Оның алғашқы белгілері біртіндеп байқалады. Мысалы, адам ішімдікті жиі іздей бастайды, ішкен алкоголь мөлшерін бақылау қиындайды. Кей жағдайда адам ішімдік ішкеннен кейін болған кейбір оқиғаларды есіне түсіре алмай қалады. Медицинада мұны «палимпсест» деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, адам мас күйінде не болғанын жартылай немесе толық ұмытып қалады.
Сонымен қатар әлсіздік, тез шаршау, ашушаңдық, зейіннің төмендеуі байқалады. Уақыт өте келе адамның мінез-құлқы өзгереді. Кей адамдар дөрекіленіп, отбасы мен қоғамдық жауапкершілікке немқұрайлы қарай бастайды.
Мамандар алкоголизмді үш сатыға бөледі. Бірінші сатысында адам ішімдікті жиі қолдана бастайды және оны бақылау қиындайды. Екінші сатысында алкогольге деген тәуелділік күшейіп, адам ішуді тоқтата алмайтын деңгейге жетеді. Бұл кезеңде тәулігіне өте көп мөлшерде алкоголь қолдануы мүмкін. Ал соңғы сатысында адамның денсаулығы күрт нашарлап, еңбекке қабілеттілігі төмендейді, есте сақтау мен ойлау жүйесінде ауыр бұзылыстар байқалады.
– Алкогольге тәуелділіктің алдын алуда қандай шаралар тиімді?
– Ең алдымен, отбасындағы тәрбие мен қолдау маңызды. Баламен ашық сөйлесу, оның ортасына көңіл бөлу, психологиялық жағдайын бақылау қажет. Сонымен қатар мектептер мен колледждердегі профилактикалық жұмыстардың маңызы зор.
Салауатты өмір салтын насихаттау, спорт пен мәдени шараларға жастарды көбірек тарту да жақсы нәтиже береді. Қоғамда алкогольге тәуелділікке жеңіл қарамай, оны ауру ретінде қабылдау мәдениетін қалыптастыру қажет.
– Оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Алкогольге тәуелділік – ұят емес, ол медициналық көмек пен қолдауды қажет ететін ауру. Сондықтан алғашқы белгілер байқалған жағдайда маманға дер кезінде жүгінуден қорықпау керек. Ерте анықталған тәуелділікті емдеу әлдеқайда тиімді болады.
Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Ал отбасы мүшелерінің қолдауы мен қоғамдағы түсіністік мұндай дерттің алдын алуда ерекше рөл атқарады.
Сұхбаттасқан – НазеркеИнақынқызы

