Бұған дейін қазақстандық түлектер шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін халықаралық бағдарламалардан өтіп, қосымша дайындық курстарына қатысуға мәжбүр болатын. Енді жағдай өзгере бастады. Қазақстандық мектеп бітірушілер үшін Азиядағы беделді білім беру бағыттарының бірі – Малайзия университеттеріне түсу әлдеқайда қолжетімді болмақ.
Қазақстанның Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатын Малайзияның Жоғары білім министрлігі ресми түрде мойындады. Бұл дегеніміз – енді қазақстандық талапкерлер ҰБТ нәтижесін пайдаланып, Малайзияның бірқатар университеттерінің бакалавриат бағдарламаларына құжат тапсыра алады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ҰБТ сертификатының халықаралық деңгейде танылуы – Қазақстандағы білімді бағалау жүйесінің заманауи академиялық талаптарға сәйкестігін көрсетеді. Сонымен қатар бұл шешім қазақстандық жастардың шетелде білім алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Бүгінде ҰБТ нәтижелері тек отандық жоғары оқу орындарына түсу үшін ғана емес, кейбір шетелдік университеттер тарапынан да ескеріліп келеді. Әсіресе Азия елдеріндегі жоғары оқу орындары қазақстандық талапкерлердің академиялық көрсеткіштеріне назар аудара бастаған.
Енді талапкерлер үшін маңызды өзгерістің бірі – Foundation деп аталатын міндетті дайындық бағдарламасынан өтпей-ақ, бірқатар Малайзия университеттеріне тікелей түсу мүмкіндігі. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдеуге жол ашады. Алайда ағылшын тілінде оқытылатын бағдарламаларға түсу үшін талапкерлер IELTS, TOEFL немесе соған теңестірілген халықаралық сертификат арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейін растауы қажет.
Сонымен бірге әр университеттің өз талабы бар екенін ескерген жөн. Малайзия жоғары оқу орындары ҰБТ-ның ең төменгі шекті балын өздері белгілейді. Кейбір мамандықтар бойынша қосымша емтихан, әңгімелесу, портфолио қарастыру немесе дайындық курстарынан өту талап етілуі мүмкін.
Осыған байланысты Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге құжат тапсырмас бұрын нақты университеттің қабылдау шарттарын мұқият зерттеуге кеңес береді. Әсіресе білім беру бағдарламасының ерекшеліктеріне, тілдік талаптарға және грант мүмкіндіктеріне алдын ала назар аудару маңызды.
Қазақстанда халықаралық талаптарға сай жаңа емтихан жүйесін енгізу жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда ETS компаниясымен бірлесіп Admissions Insight Test (AIT) деп аталатын жаңа формат әзірленуде. Бұл тест талапкерлердің тек теориялық білімін ғана емес, аналитикалық ойлау қабілеті мен академиялық дағдыларын бағалауға бағытталады.
Мамандардың айтуынша, болашақта AIT жүйесі де шетелдік университеттер тарапынан кеңінен мойындалуы мүмкін. Бұл қазақстандық түлектер үшін халықаралық білім кеңістігіне шығудың тағы бір тетігіне айналмақ.
Қазір әлемдегі жоғары білім жүйесі жылдам өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде қазақстандық түлектер үшін жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы – маңызды қадам. Ең бастысы, талапкер өз мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, таңдаған мамандығына саналы түрде қадам жасауы керек.
Ерлік Кебекбай

