Қазір қоғамда қазақ тіліне деген көзқарас өзгеріп келеді. Бұрын мемлекеттік тіл көбіне ресми қатынас пен құжат айналымының тілі ретінде қабылданса, бүгінде ол жастардың күнделікті өміріне, ақпарат кеңістігіне, мәдени ортаға терең ене бастады. Қазақша контенттің көбеюі, ұлттық мәдениетке қызығушылықтың артуы, тіл үйренуге ұмтылатын жастар қатарының көбейуі – қоғамдағы жаңа үрдістің көрінісі. Осындай кезеңде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түсті.
Қонаев қаласында да мемлекеттік тілді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Тілдерді оқыту орталығы түрлі жобалар мен бағдарламаларды іске асырып, қазақ тілін күнделікті қарым-қатынас тіліне айналдыруға күш салып келеді Қонаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұстафа Абылайхан Раисұлының айтуынша, мемлекеттік тілді дамыту –ұзақмерзімді әрі үздіксіз жұмысты талап ететін маңызды бағыт.
– Қазақ тілінің мәртебесі заңмен ғана емес, күнделікті қолданыспен өлшенеді. Біздің негізгі мақсатымыз –мемлекеттік тілді ресми ортадан шығарып, қоғамның барлық саласында еркін қолданылатын тілге айналдыру. Осы бағытта қала көлемінде түрлі форматтағы жобалар ұйымдастырылып келеді, – дейді бөлім басшысы. Қазіргі таңда Қонаев қаласында мемлекеттік тілді оқытуға арналған арнайы курстар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл курстарға мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар, түрлі сала мамандары және өзге ұлт өкілдері қатысады. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта қазақ тілін үйренуге ниет білдірушілердің саны артқан. Әсіресе жастар арасында тілге деген қызығушылық байқалады. Бүгінде дәстүрлі сабақтармен қатар, заманауи форматтағы тілдік клубтар, пікірталас алаңдары, ашық кездесулер мен интерактивті жобалар қолға алынған. Мұндай бастамалар қатысушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне мүмкіндік береді. Тілдерді оқыту орталығы маманының сөзінше, тіл үйренушілердің басым бөлігі қазақ тілін қызметтік қажеттілік үшін емес, күнделікті өмірде еркін сөйлесу мақсатында меңгеруге ұмтылады.
– Бұрын адамдар көбіне құжат тапсыру немесе жұмысқа орналасу үшін ғана келетін. Қазір қазақша сөйлесуге, ортаға бейімделуге, қазақ тіліндегі контентті түсінуге қызығушылық артты. Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады, – дейді Абылайхан Раисұлы.
Қалада мемлекеттік қызметкерлердің тіл меңгеру деңгейін арттыруға арналған арнайы бағдарламалар да ұйымдастырылып келеді. Семинарлар, тренингтер, тілдік интенсивтер өткізіліп, ресми құжаттарды сауатты жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, қазақ тілін насихаттауда әлеуметтік желінің рөлі артып келеді. Қазіргі таңда қысқа видеолар, тіл үйрететін парақшалар, қазақша подкасттар мен жастарға арналған контент кең аудитория жинап отыр. Мамандардың пікірінше, тілдің болашағы тек оқулықпен емес, сапалы цифрлық контентпен де тығыз байланысты. Қонаев қаласында жыл басынан бері мемлекеттік тілге арналған түрлі байқаулар, челлендждер, әдеби кездесулер, танымдық акциялар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, жастар арасында қазақша сөйлеуді насихаттайтын тілдік марафондар мен еркін форматтағы кездесулерге қызығушылық жоғары болған.
Қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдерінің де белсенділігі байқалады. Қала тұрғындарының біріСветлана Андреевна қазақ тілін білу қазіргі қоғамда үлкен мүмкіндік екенін айтады.
– Қазақ тілін үйренуді бірнеше жыл бұрын бастағанмын. Алғашында қиын болды. Бірақ күнделікті ортада қолдана бастағаннан кейін қызығушылығым артты. Қазір қазақша еркін сөйлесуге тырысамын. Бұл – Қазақстанда өмір сүретін әр азамат үшін маңызды деп ойлаймын, – дейді тіл үйренуші.
Мамандардың айтуынша, қазақ тілін дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – тілдік ортаның жеткіліксіздігі. Көп жағдайда азаматтар қазақ тілін курста үйренгенімен, күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік таппайды. Сондай-ақ сапалы қазақтілді контенттің аздығы, кей ортада орыс тілінің басымдығы да әсер ететін факторлардың бірі.
Абылайхан Раисұлының пікірінше, қазақ тілінің қоғамдағы қолданысын арттыру үшін оның өмірдің барлық саласында сұранысқа ие болуына жағдай жасау қажет.
– Адам тілді қажеттілік болған кезде тез меңгереді. Сондықтан қазақ тілі өмірдің барлық саласында сұранысқа ие болуы керек. Кино, медиа, қызмет көрсету, бизнес, цифрлық платформа – бәрінде сапалы қазақтілді орта қалыптасуы қажет.
Алдағы уақытта Қонаев қаласында жаңа форматтағы жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жастарға арналған тілдік коворкингтер, қазақша speaking club форматындағы кездесулер, әлеуметтік желіге бейімделген контенттік жобалар және мобильді оқыту бағдарламалары болмақ.
Шолпан АРАЛҚЫЗЫ

