ТҮЛЕКТЕР МЕН ОЗАТТАРҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТ

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, бүгінгі таңда  үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізіп отырған  Қонаев қалалық №4 орта мектептің  жаңа өмірге қадам басқалы тұрған түлектері мен озат оқушылары «Білімім – Отаныма!» атты салтанатты жиында бас қосты. Салтанатты шараға Мурзагалиева Алтынзер, Затонских Ирина, Герасимова Татьяна, Проценко Татьяна,   Сигида Вера, Лепесова Шолпан, Жакиянов Ихсан сынды ардагер ұстаздар құрметті қонақ ретінде қатысты. 

Бұл шара – алтын ұя мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын, жастар үшін ең бір қымбат, ең бір қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентерлік сәт. 11 жыл бойы тәлім-тәрбие берген ұстаздар мен ата — аналардың еңбегінің жемісі саналатын жас түлектердің мектеп қабырғасынан шығып, үлкен өмірге қадам басардағы қуанышты күні. Биыл мектеп мерейін үстем етіп, ұстаздардың үкілеген үмітін ақтағалы отырған  3 «Алтын белгі» үміткері бар. 

Салтанатты шараның басталғанын хабарлаған жүргізушілердің сөзінен кейін  қимастық пен арман сезімдері араласып, жүректері лүпіл қаққан жас түлектер мен олардың сынды ұлағатты ұстаздары ыстық ықыласпен ортаға шақырылды. Білім ұясының қабырғасында өткен жылдарын артқа тастап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп бітірушілерден кейін түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінің жеңімпаздары мен басқа да жарыстарда жетістікке жеткендер таныстырылып, биылғы оқу жылының үздік оқушылары шеруге шықты. 

Білім биігіне қол созған оқу озаттарының шеруінен кейін еліміздің асқақ әнұраны шырқалып, мектеп директоры Гүлмира Амангелді,  қамқоршылық кеңес төрағасы Айжарық Көптілеуов жиналған қауымды соңғы қоңырау мерекесімен және кезекті оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтап, барша мектеп бітірушілерге алдағы ҰБТ сынағынан сүрінбей өтулеріне тілектестігін білдіріп, ақ жол, сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар 11 «А» сынып жетекшісі  Айткожанова  ГауҺар, 11 «В» сынып жетекшісі Харина Елена, 11 «Ә» және 11 «Б» сынып ата-аналары Тлеуберлина Даркен мен Адильжанова Жанар   ақжарма тілектердің тиегін ағытты. 

Белсенді әрі дарынды оқушы, мектеп президенті,  қалалық және облыстық пән олимпиадаларының   жүлдегері, 11 «Ә» сыныбының бітірушісі Садық Жанболат пен ерекше үлгідегі аттестаттан үміткер,  «Зерде» ғылыми-зерттеу жобасында І орын иегері, орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша президенттік олимпиаданың аймақтық кезеңінің жүлдегері  11 «В» сынып оқушысы Шек Людмила сөз алып, өздері үшін осыкүн мерекелі де мерейлі, табысты да толғанысты сәтке айналып, өздерін білім нәрімен сусындатып, тағылымды тәрбие берген мұғалімдерге алғыстары шексіз екенін айта келе, ұстаздар қауымына түлектердің атынан жүрекжарды лебіздерін жеткізді.  

Келесі кезекте мектеп түлектерінің атынан «Алтын белгі» үміткері, 11 «А» сынып оқушысы  Какимжан Еркежан жас түлектер атынан «Білім кілтін» 10 «Ә» сынып оқушысы Алибек Айдосқа табыстап, білімнің белгісі ретінде биікте ұстауды аманаттады.  

Салтанатты шара мәресіне жетер тұста соңғы қоңырау соғу құрметі мектебіміздің үздік түлектеріне берілді. Олар – «Алтын белгі» үміткерлері, Майлыбеков Санжар мен Кәкімжан Еркежан, Үздік аттестат үміткерлері Сабыр Аружан, Алмасова Диляра, Мамаз Аяужан, Нұржолы Несібелі, Женісхан Мәди, Сактапбергенов Арман, Морозов Никита, Шек Людмила, Дыва София. 

Назерке ХАСЕНОВА, 

Қ. Қайсенов атындағы №4 орта 

мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke