Жаз айларының басталуымен бірге қоршаған ортада шіркейлер мен масалардың белсенділігі артады. Көпшілік адамдар үшін масалар тек мазаны алатын, шаққан жері қышытатын жәндік қана болып көрінуі мүмкін. Алайда, мамандандырылған масаларға қарсы өңдеу (дезинсекция) жұмыстары — жай ғана жайлылық үшін емес, ең алдымен халықтың денсаулығын сақтау және эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жүргізілетін маңызды санитариялық-профилактикалық шара.
Өңдеу жұмыстарының қоғам үшін маңызы.
1. Қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу (Эпидемиологиялық маңызы)
Масалар — көптеген қауіпті вирустық, бактериялық және паразиттік ауруларды тасымалдаушылар (трансмиссивті қоздырғыштар). Олар ауру адамды (немесе жануарды) шаққан кезде вирусты өз бойына сіңіріп, келесі сау адамға жұқтырады. Масаларға қарсы өңдеу келесі аурулардың таралу жолын кеседі: Безгек (Малярия), Денге, Зика және Сары қызба, Дирофиляриоз.
2. Гнус деңгейін төмендету және халықтың жайлылығын қамтамасыз ету
Ғылымда адам мен жануарлардың мазасын алып, қанын соратын қосқанатты жәндіктердің (маса, шіркей, соқыр, құмыты) жиынтығын «гнус» деп атайды.
• Масалардың жаппай қаптап кетуі халықтың ашық ауада демалуына, саябақтар мен гүлзарларда серуендеуіне кедергі келтіреді.
• Балалар мен ересектердің ұйқысының бұзылуына, жүйке жүйесінің шаршауына әкеледі.
• Масалар жаппай қаптаған аймақтарда еңбек өнімділігі (әсіресе ашық ауада жұмыс істейтін құрылысшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері арасында) төмендейді.
3. Аллергиялық реакциялар мен екінші деңгейлі инфекциялардың алдын алу
Маса шаққан кезде адам терісінің астына өзінің сілекейін жібереді. Бұл сілекейдің құрамында қанның ұюына жол бермейтін антикоагулянттар мен арнайы белоктар болады.
• Бұл заттар адам ағзасында жергілікті аллергиялық реакция (қышыну, қызару, ісіну) тудырады. Аллергияға бейім адамдарда бұл жағдай үлкен ісіктерге (куликоз ауруына) немесе анафилаксиялық шокқа әкелуі мүмкін.
• Шаққан жерді қатты қасыған кезде терінің бүтіндігі бұзылып, жараға сырттан бактериялар (алтын түсті стафилококк, стрептококк) түседі. Бұл іріңді тері ауруларының (пиодермия, флегмона) дамуына себепші болады.
4. Мал шаруашылығын қорғау
Масалар тек адамдарды ғана емес, ауыл шаруашылығы жануарларын да мазалайды.
Өңдеу жұмыстары қалай жүргізіледі?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау деңгейінде дезинсекциялық шаралар кешенді түрде екі бағытта жүзеге асырылады:
1.Ларвицидтік өңдеу (Дәрілеу): Масалардың дернәсілдері (личинкалары) өсіп-наминатын ашық су қоймаларын, батпақтарды, субұрқақтарды және үйлердің дымқыл жертөлелерін өңдеу. Бұл — масаның қанатты ересек түріне айналуына жол бермейтін ең тиімді әдіс. Өңдеу үшін қоршаған ортаға (балықтарға, құстарға) зиянсыз биологиялық немесе химиялық препараттар қолданылады.
2.Имагоцидтік өңдеу: Ұшып жүрген ересек масаларға қарсы саябақтарды, скверлерді, өзен жағалауларын арнайы термо-механикалық генераторлар (ыстық және суық тұман) арқылы инсектицидтермен бүрку.
Масаларға қарсы өңдеу — бұл жай ғана қолайсыздықты жою емес, тұрғындар арасында трансмиссивті жұқпалы аурулардың бұрқ ете түсуіне (эпидемияға) жол бермейтін, мемлекеттік деңгейде бақыланатын маңызды санитариялық-эпидемиологиялық шара.
Н. Медетов,
«Қонаев қаласының СЭББ» РММ басшысы

