Заң мен тәртіп – әр тұрғынның жауапкершілігі: Қонаевта ақпараттық акция өтті

Қонаев қаласында «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттауға бағытталған ақпараттық акция ұйымдастырылды. Шараға қаланың белсенді жастары қатысып, тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық тәртіптің маңыздылығын түсіндіруге үлес қосты.

Акция барысында еріктілер көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне арнайы дайындалған ақпараттық афишаларды орналастырды. Онда қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, ортақ мүлікті күтіп ұстау, көршілермен сыйластық қарым-қатынас орнату және заң талаптарын сақтау жөніндегі маңызды мәліметтер қамтылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық жұмыстар тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Себебі қаладағы тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның күнделікті әрекетіне де тікелей байланысты.

Белсенді жастар тұрғындармен әңгімелесу барысында аула тазалығы, қоқысты арнайы орындарға тастау, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және ортақ мүлікке ұқыпты қарау мәселелеріне ерекше назар аударды. Олар қала тұрғындарын өз ауласына, үйіне және қоршаған ортасына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Акцияға қатысқан ерікті Еркебұланның айтуынша, мұндай бастамалар қоғамда оң көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

«Бүгін ілінген әр плакат – тұрғындарға арналған маңызды үндеу. Тазалық пен тәртіп бір күнде қалыптаспайды. Ол әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады. Егер әр тұрғын өз ауласына, өз үйіне және қаласына жанашырлықпен қарап, жауапкершілік танытса, Қонаев қаласы бұдан да көркейіп, өмір сүруге қолайлы ортаға айналады», – дейді ол.

Жастардың пікірінше, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заңға құрмет көрсету жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс. Әсіресе өскелең ұрпаққа қоғамдық тәртіптің маңызын түсіндіру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру – қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.

Бүгінде Қонаев қаласында жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр. Осы ретте белсенді жастардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысуы қоғамдағы тәртіп пен тазалық мәдениетін нығайтуға өз септігін тигізуде.

Ұйымдастырушылар мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Олар тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және туған қаланың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған түрлі іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Шолпан Аралқызы

Предыдущая статья
Следующая статья
Жастар мен полиция есірткі насихатына қарсы күш біріктірдіҚарасай ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың белсенді қатысуымен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Антиграффити» акциясы өтті. Іс-шараны Қарасай аудандық полиция басқармасы, аудандық жастар саясаты бөлімі және Іргелі ауылдық округінің жастары бірлесіп ұйымдастырды.Акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық орындарда кездесетін есірткі құралдарын жарнамалайтын заңсыз жазулар мен граффитилерді жою, жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына тосқауыл қою және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру.Іс-шара барысында еріктілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері елді мекен аумағындағы ғимараттар мен қоршауларға салынған есірткі жарнамалары мен күмәнді интернет-ресурстардың мекенжайларын анықтап, оларды толықтай өшірді. Мұндай заңсыз жазбалар жастарды есірткі айналымына тартудың бір құралы болғандықтан, оларды жою профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады.Сонымен қатар акция аясында жастармен түсіндіру кездесулері өткізіліп, есірткі заттарының адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін зияны туралы кеңінен ақпарат берілді. Қатысушылар зиянды әдеттердің салдары, заң алдындағы жауапкершілік және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы жөнінде пікір алмасты.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы өз жауапкершілігін сезінуіне де ықпал етеді. Сондай-ақ жастарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға бейжай қарамауға және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелейді.Бүгінде есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, ол – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Сондықтан жастардың осындай бастамаларға белсенді қатысуы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға үлкен үлес қосады.Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жастардың қатысуымен профилактикалық және ақпараттық акцияларды тұрақты түрде өткізіп, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын кеңінен насихаттауды жалғастыратынын атап өтті.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke