«Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа алып жер дауларына жол бермеу, болдырмау, алдын-алу шараларын жүргізу өте маңызды. Бүгінде жерге қатысты дау-дамайлар тұрғындар арасында жиі кездесетін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе көрші учаскелер арасындағы шекараның дұрыс анықталмауы, құжаттардың толық рәсімделмеуі, жердің нысаналы мақсатының сақталмауы және меншік құқығына байланысты түсінбеушіліктер азаматтарға айтарлықтай қиындық туғызуда.
Мамандардың айтуынша, жер дауларының басты себептерінің бірі – құжаттардың дұрыс дайындалмауы. Көп жағдайда азаматтар қажетті анықтамаларды толық тапсырмайды немесе құжаттардағы мәліметтер сәйкес келмейді. Бұл өз кезегінде рәсімдеу процесін созып, кейін түрлі дауларға алып келеді.
Сонымен қатар жердің нысаналы мақсатын ескермеу де жиі кездесетін қателіктердің қатарында. Мысалы, тұрғын үй салуға арналған жер телімін коммерциялық мақсатта пайдалануға тырысу заң талаптарына қайшы келеді. Жер шекараларын нақты анықтамау, кадастрлық мәліметтерді тексермеу және мемлекеттік тіркеуді уақытында жүргізбеу де дау туындауына негіз болады.
Тағы бір маңызды мәселе – жер учаскесіне қатысты ауыртпалықтар мен шектеулерді алдын ала анықтамау. Жер телімі кепілде болуы, сот дауына қатысуы немесе белгілі бір шектеулердің болуы мүмкін. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық желілерге қолжетімділік мәселесі де алдын ала нақтыланбаса, қосымша шығындарға әкеледі.
Азаматтар өз құқықтарының бұзылғанын көбіне жерді пайдалану кезінде кедергілер туындаған кезде байқайды. Мәселен, көршінің жерге заңсыз кіруі, учаскеге кіретін жолдың жабылуы немесе шекараның құжатқа сәйкес келмеуі – даудың негізгі белгілері. Сонымен қатар жердің нысаналы мақсатының заңсыз өзгертілуі немесе үшінші тұлғалардың рұқсатсыз пайдалануы да құқық бұзушылық болып саналады.
Жер дауларының алдын алу үшін ең алдымен заң талаптарын сақтау, барлық құжаттарды мұқият тексеру және уақтылы рәсімдеу маңызды. Кез келген күмәнді жағдайда құзырлы органдарға жүгіну – келешекте туындайтын мәселелердің алдын алудың тиімді жолы.

