«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Іле аудандық полиция басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Осы бағыттағы кезекті іс-шара барысында Іле аудандық полиция басқармасының қызметкерлері «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен бірлесіп, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелге қажетті көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ол Қонаев қаласындағы Дағдарыс орталығына орналастырылды. Қазіргі таңда орталықта оған қауіпсіз уақытша баспана ұсынылып, психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік қолдау көрсетілуде. Мұндай кешенді көмек азаматтың құқықтарын қорғауға және қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді. Іле аудандық полиция басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылық – жеке отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі екенін еске салады. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу әрбір азаматтың бейжай қарамауына және құқық қорғау органдары мен тиісті мекемелердің өзара іс-қимылына тікелей байланысты. Егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыздар, мәселені жасырмай, дер кезінде құзырлы органдарға немесе арнайы қызметтерге жүгініңіздер. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр зардаптардың алдын алып, жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді. Өміріңізге немесе денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда, дереу 102 арнасына хабарласыңыз. Іле аудандық полиция басқармасы – әрбір отбасының қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет етеді.

