ЕСІРТКІ ЕҢ АУЫР ІНДЕТ

Жамбыл ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай нашақорлықтың алдын алу айлығы өткізілуде.

Айлықтың негізгі мақсаты – балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және нашақорлықтың, сондай-ақ тәуелді мінез-құлықтың өзге де түрлерінің алдын алу. Осы бағытта ауданның білім беру ұйымдарында түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Атап айтқанда, мектептерде тақырыптық кездесулер, түсіндіру кездесулері, профилактикалық әңгімелер, ақпараттық акциялар, спорттық жарыстар мен мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде. Іс-шаралар барысында оқушыларға есірткінің адам денсаулығына, психикасына және әлеуметтік өміріне тигізетін зияны жан-жақты түсіндіріліп, зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығы насихатталуда.

Бүгінде нашақорлық мәселесі бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Есірткіге тәуелділік адамның өмір сапасын төмендетіп қана қоймай, қылмысқа, құқық бұзушылықтарға және түрлі әлеуметтік қиындықтарға алып келеді. Сондықтан жастардың бойында заңға құрмет, жауапкершілік және дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыру аса маңызды.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткізілетін мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттырып, қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті нығайтуға ықпал етеді. Себебі заңды құрметтейтін, денсаулығын бағалайтын және өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастар – еліміздің жарқын келешегінің кепілі.

Нашақорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, ұстаздардың және бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдануға және шығармашылықпен айналысуға жағдай жасау – зиянды әдеттердің алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.

Өмір мен денсаулық – адамға берілген ең үлкен байлық. Сондықтан әрбір жас өз таңдауын салауатты өмір салтының пайдасына жасап, заң мен тәртіпті сақтауға ұмтылуы қажет.

Өмірді таңда! Денсаулықты таңда!
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke