Іле ауданында өрт қауіпсіздігіне арналған Ашық есік күні өтті
Алматы облысы Іле ауданының №8 өрт сөндіру бөлімінде «Ақжол» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың өрт қауіпсіздігі туралы білімдерін арттыру, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және өрт сөндіруші мамандығына деген құрмет сезімін тәрбиелеу.
Экскурсия барысында бүлдіршіндер өрт сөндіру бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, арнайы техникалар мен өрт сөндіру құралдарын тамашалады. Қызметкерлер балаларға өрт сөндіру көліктерінің жабдықтарын таныстырып, арнайы қорғаныс киімдерін көрсетіп, олардың қызметтік маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі ережелері туралы танымдық ақпарат беріліп, төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігі түсіндірілді.
Балалар өрт сөндірушілердің күнделікті еңбегімен танысып, олардың қоғамдағы маңызды қызметі туралы мол мағлұмат алды. Танымдық іс-шара бүлдіршіндердің қызығушылығын оятып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етті.
Осындай тәрбиелік және танымдық кездесулер жас ұрпақтың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттырып, өрт сөндірушілердің батыл әрі жауапты еңбегіне құрметпен қарауға тәрбиелейді.

