Балқаш ауданы аумағында ағымдағы жылдың 18–20 маусым аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту, әсіресе кешкі және түнгі уақытта кәмелетке толмағандар арасында орын алатын заңсыз әрекеттердің жолын кесу. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу көзделген.
Рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, олардың ата-аналарына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылады. Сондай-ақ бала тәрбиесіне салғырт қараған ата-аналар жауапкершілікке тартылады.
Балқаш ауданы полиция бөлімі ата-аналарды балаларын қатаң бақылауда ұстауға, олардың қайда және кіммен жүргеніне бейжай қарамауға шақырады. Себебі әр баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік.

