Заң мен Тәртіп – ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуының негізі

Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғам өмірінің барлық салаларында заңдылықты, ашықтықты және жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Бұл қағидат ауыл шаруашылығы саласы үшін де ерекше маңызға ие, өйткені агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы заң талаптарының сақталуына және тәртіптің қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты.
Қонаев қаласының ауыл шаруашылығы саласында заңнамалық талаптарды сақтау жер ресурстарын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қолдау шараларының ашық бөлінуіне, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құқықтарын қорғап қана қоймай, саладағы әділ бәсекелестік пен тұрақты дамудың негізін қалыптастырады.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында түрлі субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы ретте бөлінетін қаржы қаражаттарының мақсатты және тиімді жұмсалуы ерекше бақылауда. Әрбір шаруашылық иесі мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалану барысында заң талаптарын сақтап, ұсынылған ақпараттың дұрыстығы мен ашықтығына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі де өзекті болып отыр. Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмай жатқан немесе нысаналы мақсаты бойынша игерілмеген жер учаскелеріне қатысты тиісті шаралар қабылданады. Бұл ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, өндіріс көлемін арттыруға ықпал етеді.

Ветеринариялық қауіпсіздік пен эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау да «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңызды бөлігі болып табылады. Мал иелері ветеринариялық талаптарды сақтап, ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы тіркеуден өткізіп, профилактикалық іс-шараларға қатысуы қажет. Бұл жұқпалы аурулардың таралуының алдын алып, халықтың денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қонаев қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі ауыл шаруашылығы саласындағы заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, жер қатынастары, ветеринария және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелерінде ашықтық пен заңдылық қағидаттарын сақтау – бөлім жұмысының басты басымдықтарының бірі.

Заңды құрметтеу мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың және әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің ортақ міндеті. «Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға қол жеткізуге болады.
Қонаев қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі
Заң мен тәртіп – тұрақты даму мен өркендеудің кепілі.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke